Жаңалықтар

Тағы бір ресейлік өнерпаздың Қазақстанда жоспарлаған концерті өтпейтін болды

Фото: Ашық ақпарат көздерден

Алматыда ресейлік мәнерлеп сырғанаушы Татьяна Навканың шоуына билеттер сату тоқтатылды, деп хабарлайды КазТАГ қала әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Алматыдағы Татьяна Навканың «Шехеразаданың махаббат хикаясы» шоуына қатысты шараны өткізу немесе тоқтату мәселесі тікелей «Алматы Арена» кешенінің концерттік бөлімінің әкімшілігі мен Татьяна Навканың агенттерінің арасындағы шарттық қатынастар аясында жүзеге асады. Сонымен бірге, «Алматы Арена» кешенінің концерттік бөлімі әкімшілігінің хабарлауынша, ұйымдастырушылар концерттен бас тартуды көздеп отыр. Қазіргі уақытта билеттерді сату тоқтатылды», – деп хабарлаған қала әкімшілігі.

Әкімдік бұл концерттің коммерциялық мақсатта өткізілмек болғанын және оның қала билігіне еш қатысы жоқ екенін мәлімдеген.

Татьяна Навка – Ресей президенті Владимир Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың әйелі. 2022 жылдың маусымынан бастап ол Еуропалық Одақтың, Ұлыбританияның, Канаданың, Швейцарияның, Австралияның және бірқатар басқа елдердің жеке санкцияларына ұшыраған.

Еске сала кетсек, бірнеше күн бұрын қазақстандықтар Ресейдің КВН командасы Камызяктардың концертін өткізбеу үшін қол жинап, нәтижесінде Азамат Мұсағалиевтің концертіне билет сату тоқтатылды. Қазақстандықтар Азамат Мұсағалиевтің Ресей Укаринадан жаулап алған ДНР-ге барып концерт өткізгенін сынға алды.

«Біз, қазақстандықтар, егеменді Украина еліне қарсы агрессияны қолдайтын адамдарды елімізде көргіміз келмейді. Біз бейбіт елміз, бейбіт халықпыз», деп жазды петицияда.

Петицияға 15 мыңнан астам адам қол қойып, оның 14 мыңнан астамы концерттерден бас тартуды қолдаған.

Ал маусым айында қазақстандықтар Ресейдің басқыншылығын ашық қолдаушы Григорий Лепстің концерт өткізуіне қарсы шығып, оның да концерті өтпей қалған.