Жаңалықтар

Елімізде қант өндірісі күрт төмендеп, Ресейден келетін импорт үш есеге артты

Фото: kursiv.media

Қазақстанда қант өндірісі күрт төмендеген, есесіне Ресейден келетін импорт үш есеге ұлғайды. Бұған Ұлттық статистика бюросының мәліметтері дәлел.

Қазақстан Республикасы Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша тамыз айында 9,3 мың тонна қант өндірілген. Шілде айымен салыстырғанда бұл 46,7%-ға кем. Яғни 8,1 мың тоннаға аз. Қант өндірісінің бұлайша төмендеуі төртінші рет қайталанып отыр.

2022 жылдың тамызымен салыстырғанда айырмашылық жер мен көктей. Биылғы көрсеткіш өткен жылғыдан – 79,1%-ға немесе 35,2 мың тоннаға аз екен. Бірақ өткен жылы қант өндірісі тарихи деңгейге жеткен.

Негізінен бұлайша қант көлемінің түсуі маусымдық құбылыс саналады. Көрсеткіштердің төмендеуі тамыз айына тән. Өйткені мұндай құбылыс мұның алдында да қайталанған. Атап айтқанда, 2021 жылы өндіріс 66,7%-ға, 2020 жылы 65%-ға, 2019 жылы 21,5%-ға төмендеген.

Ал қант импортына келер болсақ, көрсеткіштер көтерілген. Соңғы 7 айдың қорытындысы бойынша оның көлемі 322,6 мың тоннаны құраған. Бұл көлем +18,7%-ға яғни 50,8 мың тоннаға артқан.

Жалпы динамикаға негізгі үлесті Ресей қосып отыр. Бұл елден келетін қант импорты үш есе артып, 180,5 мың тоннаға дейін жеткен. Ал Бразилиядан келетін өнім керісінше 7,2%-ға, яғни 131 мың тоннаға дейін төмендеген.

Қант өндірісінің төмендеуі қант бағасына әсер етпеген. 5-12 қыркүйек аралығындағы қант бағасы керісінше 0,5%-ға арзандаған.

Бағалардың көтерілмеуіне Ресейден келетін арзан қант әсер еткен болу керек. Жалпы еліміздегі қант өндірісі төңірегінде шешілмеген мәселе көп. Айта кетер болсақ, біраз уақыт бұрын Жетісу облысының шаруалары Президентке ашық хат жолдады.

«Көксу қант зауыты» қызылшаны шаруалардан өте арзанға сатып алып, нарыққа қымбатқа шығаратынын айтқан Жетісу фермерлері 2026 жылға қарай отандық қызылша қантының үлесін алты есе арттыру туралы Президенттің тапсырмасын орындау мүмкін болмайтынын мәлімдеді. Шаруалардың айтуынша, қант нарығындағы монополия бұл саладағы мәселелердің шешілуіне кедергі болып отыр.

Қант нарығын 2005 жылы Рахат Әлиев монополиялап алғаннан бері шаруалардың жағдайы күрделене түскен. Ал ол сотталғаннан кейін мүлкі тәркіленеді. Тәркіленген мүлік заң негізінде мемлекет меншігіне өтуі керек болған. Бірақ қант зауыттары «Орталық Азия Қант Корпорациясы» ЖШС-не беріледі. Оған Қазақстандағы барлық маңызды қант активтері біріктіріліп, «Кант» АҚ, «Алматы Қант» АҚ, «Алматы Қанты» АҚ, «Азия Қант» АҚ және «Көксу-Шекер» АҚ осы ЖШС-не өтеді. Ал оны бақылау Ахметжан Есімовтің күйеу баласы – Ғалымжан Есенов басқарған Delta Bank-ке беріледі. Бұл құбылмалы кезеңде қант қызылшасын отырғызу мүлдем тоқтап қалады. Ал 2017 жылдан бастап қант зауыттары Нұрлан Төлебаевқа беріліп, мемлекеттік субсидиялар есебінен Жетісу облысының қант саласын қайта жандандыруға мүмкіндік туған. Бірақ Нұрлан Төлебаев айыпталып, 2019 жылы сотталады да, зауыт белгісіз адамдардың қолына өтеді. Ол белгісіздік әлі де сақталған. Шаруалар бұл зауытқа кімнің иелік ететінін білмейді.