Жаңалықтар

Жылдық инфляция жоғары өңірлер аталды

Қазақстан Ұлттық Банкі ҚР аймақтарындағы инфляциялық үрдістер туралы деректі жариялады.

Тамыз айында елде айлық инфляция 0,7%-ға өсті.

2023 жылғы тамызда елде жылдық инфляция  баяулап, 13,1%-ды құрады (шілдеде – 14,0%). Аймақ деңгейінде қарағанда, жылдық инфляция барлық 20 өңірде бәсеңдеді.   

Жылдық инфляцияның ең жоғары мәні Ақмола облысында, Астана қаласында және Солтүстік Қазақстан облысында тіркелді.    

Тамызда азық-түлік тауарларының бағасы ж/ж 12,4%-ға дейін (шілдеде – 13,5%) баяулады. Осы топтағы тауарлардың бағасы Астана қаласында (16,2%) тым тез, ал Шымкент қаласында (9,7%) тым баяу өсті.

Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының өсу қарқыны ж/ж 13,5%-ға дейін баяулады (шілдеде – 15,0%). Ең жоғары мән – Астана қаласында (16,2%), ең төмен мән – Ұлытау облысында (9,6%) тіркелді.

Тамызда ақылы көрсетілетін қызметтердің бағасы ж/ж 13,9%-ға дейін өсті (шілдеде – 13,6%). Бұл ретте Ақмола облысында (17,4%) баға жалпы республикалық деңгейден біршама тез, Астана қаласында (9,5%) айтарлықтай баяу өсті.