Армяндықтар Таулы Қарабақ капитуляциясынан кейін Пашинянның биліктен кетуін талап етіп, наразылыққа шықты. Алаңға жиналған наразы халық Армения үкіметінің Қарабақтағы армян сепаратистеріне қолдау көрсетпей отырғанын айыптады.
Ереванның орталығындағы Республика алаңына жиналған халық Армения премьер-министрі Никол Пашинянды 2020 жылғы соғыста жеңіліске ұшырап, енді Қарабақтағы биліктің түпкілікті күйреуіне себеп болып отыр деп айыпады. Сол үшін де армяндықтар оның отставкаға кетуі керек деп санайды.
«Ол кетеді деп үміттенеміз. Соғыста жеңілген басшының кеткені абзал. Бұл біздің 30 жылдан астам уақыт бойы күресіп келе жатқан нәрсеміз еді, ал қазір бәрі босқа кетті», дейді алаңға шыққан Ереван тұрғыны.
Республика алаңына жиналғандарі «Арцах!» деп айқайлап, «Никол сатқын!» деп ұрандатты.Митингке шыққандар премьер-министрдің кеңсесіне бөтелкелер мен тас лақтырды. Кейбір наразы топ полициямен қақтығысты.
Еске сала кетсек, 19 қыркүйекте Әзірбайжан мемлекеті Таулы Қарабақ аймағында «терроризмге қарсы іс-шараларды» қолға алғанын мәлімдеді. Әзербайжан СІМ-і аймақтағы бейбітшілікке жетудің жалғыз жолы – Армения әскери күштерін Қарабақтан толық шығару және Степанакерттегі қатаң «режимді» құрту деп мәлімдеді.
Өз кезегінде Қазақстан Әзірбайжан Республикасының егемендігі мен аумақтық тұтастығын растайтынын мәлімдеді.
«Қарабақ төңірегіндегі соңғы оқиғаларға байланысты Қазақстан Республикасы Әзірбайжан Республикасының егемендігі мен аумақтық тұтастығына оның халықаралық деңгейде танылған шекаралары шегінде берік қолдауын тағы да растайды, сондай-ақ барлық мәселелерді БҰҰ Жарғысына және халықаралық құқықтың негізгі қағидаттары мен нормаларына сәйкес саяси-дипломатиялық жолмен реттеуді қолдайды», делінген СІМ мәлімдемесінде.
Ал 20 қыркүйек күні Таулы Қарабақ билігі атысты тоқтатып, Әзірбайжанды орталық атқарушы орган ретінде мойындайтынын мәлімдеді. Мойындалмаған республика билігінің хабарлауынша, біржақты атысты тоқтату туралы шешім Таулы Қарабақта орналасқан ресейлік бітімгершілік контингенттің араласуымен жүзеге асқан.