Жаңалықтар

Ақтөбе облысының 3 тұрғыны айналымы 500 млн теңге болатын онлайн-казино ұйымдастырған

Фото: kursiv.media

Ақтөбе облысының үш тұрғыны 490 миллион теңге айналымы бар онлайн-казино ұйымдастырған. Олар тіпті кәмелетке толмағандарды заңсыз ойын бизнесіне тартуы мүмкін. Бұл туралы ҚР Қаржы мониторингі агенттігі хабарлады.

ҚМА Ақтөбе облысы бойынша департаменті онлайн-казино ұйымдастырғандарға қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастады. Тергеушілердің мәліметінше, күдіктілер Қазақстан аумағында тыйым салынған сайттарға сілтеме мен біржолғы логин және пароль беріп, ойыншылардан банк қосымшасы арқылы ставкалар қабылдаған.

«Осылайша, олар ойыншыларға нақты ұтыстар бере отырып, тиісті лицензиясыз құмар ойын түріндегі заңсыз қызмет көрсеткен.Алдын-ала есеп бойынша, заңсыз қызметтен түскен қаржы айналымының жалпы сомасы 490 млн теңгені құрады. Ойыншылар саны 800 адамнан асады», – делінген хабарламада.

Тінту барысында күдіктілерден заңсыз ойын бизнесіне қатысты заттар мен құжаттар, сондай-ақ ақшалай қаражат табылып, тәркіленді.

Агенттік кәмелетке толмағандарды заңсыз ойын бизнесіне тарту дегерін де тексереді.

«Қазір сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүріп жатыр. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне сай өзге де мәліметтер жария етілмейді», – деп толықтырды баспасөз қызметі.

Айта кетейік, Қазақстанда түрлі тәуелділіктің алдын алуға бағытталған ұлттық жүйе жобасын дайындалып жатыр. Олардың арасында құмар ойындарға тәуелділік бар. Елімізде 36 мыңға жуық адам құмар ойындарға тәуелділіктен зардап шегеді.

4 қыркүйекте Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінің отырысында мемлекеттік органдарға азаматтардың жекелеген санаттары үшін құмар ойындарға қатысты шектеулерді күшейтуді тапсырған болатын.

«Соңғы жылдары елімізде құмар ойынға тәуелділік белең алып барады. Кейбір отбасылар үшін бұл үлкен қасіретке айналды«, – деді Президент.

Президент осы жаман әдетке, әсіресе, жастар әуес екеніне назар аударды.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің түсіндіру жұмыстарынан кейін 17 букмекерлік кеңсе лицензиясынан бас тартты. 2023 жылдың басынан бері барлығы алты букмекерлік кеңсе өз еркімен жұмысын тоқтатқан.

2022 жылдың қазан айында Ішкі істер министрлігі, Қорғаныс министрлігі, Қаржы министрлігі және басқа да мемлекеттік органдардың 300-ден астам шенеунігі Қонаев қаласындағы ойынханада 507 миллион теңге жұмсағаны белгілі болды. Бұны Алматы облысының прокуратурасы анықтаған еді.

Биыл Қаржы министрлігінің 25 қызметкері казинода құмар ойын ойнағаны туралы ақпарат тарады. Қаржы министрлігінің 7 қызметкері прокуратура ойынханадан ұстамай тұрып-ақ жұмыстан шығарылған, ал қалғандарына сөгіс жарияланды.

Тамыз айында Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев Қазақстанда жоғары лауазымды мемлекеттік қызметкерлерге казиноға баруға тыйым салынғалы жатқанын мәлімдеді.

«Біз мемлекеттік қызметкерлердің казиноға барынуа тыйым қойғалы жатырмыз. Бұл норманы заңға әдеп жағынан енгіземіз. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі заңға байланысты жұмыстар жүргізіп жатыр. Осы жұмыстар жүргізілгесін сізге нақты ақпаратты береміз», – деді агенттік төрағасы.

Қаржы мониторингі агенттігі Атырау, Ақтау және Ақтөбе қаласында онлайн-казино ашып, заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырғандарды ұстады. Бұл ұйымдардың бір күндегі қаражат айналымы 800 мың теңгені құраған. Қазіргі кезде сотқа дейін тергеп-тексеру амалы жүргзіліп жатыр. Заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыруға пайдаланылған карт шоттарға түскен қаражат 3 млрд теңгеден асқан.

Бұған дейін агенттік TikTok-та құмар ойындарға тартатындар көбейіп бара жатқанын ескерткен еді. TikTok желісінде құмар ойын ұйымдастырған Алматы қаласының 2 тұрғыны 4 айда 13 млн теңгеге жуық табыс тапқан. Тергеу қорытындысы бойынша олар 1,5 жылға бас бостандығынан шектелді.

Былтыр 9 айда құмар ойын мен бәс тігу қызметінің көлемі 456,2 млрд теңгеге жетті, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,5 есе артық.