Фото: kursiv.media
Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі мен «Самұрық-Қазына» АҚ Нидерланды Жоғарғы сотында KMG Kashagan B.V.-дағы акцияларына байланысты Анатол Стати, Габриэль Стати, Ascom S. A. және Terra Raf Trans Trading Ltd (Стати) қарсы істе түпкілікті жеңіске жетті. Қазіргі кезде акциялардың құны 4 млрд АҚШ долларына тең. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі хабарлайды.
2022 жылғы маусымда Гаага Апелляциялық соты Статидің Қазақстан Республикасына қарсы алған төрелік шешімді орындау мақсатында қойған Самұрық-Қазынаға тиесілі KMG Kashagan B.V.-дағы акцияларына салынған тыйымның күшін жойған.
Одан кейін Әділет министрлігі Самұрық-Қазынамен бірлесіп, қордың мүлкін өндіріп алудан иммунитетке ие екендігін дәлелдейтін маңызды дәлелдер ұсынған.
2023 жылғы 22 қыркүйекте Нидерланды Жоғарғы соты Статидің бұл шешімге шағымын қабылдамаған. Бұл акциялар әдеттегі халықаралық құқыққа сәйкес орындалудан иммунитетке ие екенін растады.
«Жоғарғы Сот «Статидің шағымы Апелляциялық соттың шешімін қате түсіндіруге негізделген және сот Самұрық-Қазынаның жарғылық мақсатын шешуші деп санады және Қордың нақты қызметін елемеді деген болжамнан туындады. Бұл ретте, Жоғарғы сот Апелляциялық сот дұрыс қорытындыға келгенін: Стати Самұрық-Қазына акциясының коммерциялық айналым объектісі ретінде тағайындалуын дәлелдей алмады деп атап өтті», – делінген хабарламада.
Биыл ақпанда Амстердам соты ағайынды Анатол мен Габриэль Стати және компаниясының («Стати») «Самұрық-Қазынаға» қарсы шағымы орынсыз деп тапқан. «Самұрық-Қазына» қорының хабарлауынша, сот кәсіпкерлерге Ұлттық әл-ауқат қоры мен Қазақстан Республикасының сот шығындарын төлеуді міндеттеген.
Бұл Нидерланды сотының «Стати ісі» бойынша «Самұрық-Қазына» мен Қазақстан Республикасы пайдасына қабылдаған алғашқы шешім емес.
2022 жылғы 14 маусымда Гаага апелляциялық сотының шешімі шыққан еді. Онда сот «Самұрық-Қазына» АҚ-ның KMG Kashagan B.V. компаниясындағы акциялары тәуелсіз иммунитетке ие екенін дәлелдеп, «Самұрық-Қазына» АҚ мүлкіне тыйым салу заңсыз екенін растаған.