Жаңалықтар

Ташкент әуежайының маңындағы кеден қоймасында жарылыс болды: өрт әлі сөндіріліп жатыр

Фото: Ашық дереккөзден

Ташкентте түнде жойқын жарылыс болып, соңы өртке ұласты. Жарылыс Курувчилар массивінде орналасқан кеден қоймасында болған.

«28 қыркүйекте сағат 2:43-те Ташкент қаласының Сергели ауданындағы «Курувчилар» массивінде, әуежайға жақын маңда «Интер логистика» компаниясының қоймасында күшті жарылыс болды», деп хабарлады Өзбекстанның Төтенше жағдайлар министрлігі.

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, жарылыс болған жерге 16 өрт сөндіру және құтқару бригадасы мен 3 автобаспалдақ көлігі жіберілген. Олар сағат 2:48-де келіп, өртті сөндіруге және залалды тазалауға кіріскен. Өрт Сағат 5:02-де оқшауланған.

Әлеуметтік желілерде ұшақ құлағаны туралы ақапарат тарады. Алайда Төтенше жағдайлар министрлігі ұшақ апаты туралы ақпаратты жоққа шығарды. Өз кезегінде Uzbekistan Airports жарылыс астана әуежайының жұмысына әсер етпегенін, «Ташкент халықаралық әуежайы әдеттегідей шектеусіз жұмыс істеп жатқанын» хабарлаған.

Жарылыс салдарынан зардап шеккендер бар. Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, жарылыс пен өрт салдарынан жарақат алғандар Республикалық жедел медициналық жәрдем ғылыми орталығына және оның Ташкент облысындағы филиалына жеткізіліп жатыр. Қаза тапқандар бар ма, жоқ па, әзірге белгісіз.

Кейбір ақпарат құралдарында жарылыс кеден қоймасында найзағай соғуы салдарынан болды деген нұсқа айтылып жатыр. Сондай-ақ, жарылысқа кеден қоймасында сақталған электромобильдерге арналған аккумуляторлар себеп болуы мүмкін деген болжам айтылады.

Еске сала кетсек, күні кеше Узавтоөндіріс пен қытайлық BYD Өзбекстанда электромобиль шығаруды қолға алатыны туралы хабарлаған болатын. Екі ел Өзбекстанда электр және гибридті көлік құралдары мен олардың құрамдас бөліктерін шығаруды қолға алу туралы келісімге келді.