Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров ресейлік артист Максим Галкиннің концертінің Қазақстанда өтпеуінен саяси астар іздемеуге шақырды, деп хабарлайды kursiv.media.
Журналист брифинг кезінде әлемеуттік желіде Ресей тарапынан Қазақстанның ресми органдарына кейбір әртістердің концертін өткізуге тыйым салынған болуы мүмкін екені айтылып жатқанын жеткізді. Айбек Смадияров мұны жоққа шығарады.
«Мұндай хаттың жолданғанын бірінші рет естіп тұрмын. Егер сол хат жолданған күннің өзінде концерттерді өткізу-өткізбеу мәселесі еліміздің мәдениет саласындағы органдардың құзыретінде. Халық кімді тыңдап, кімді тыңдағысы келмейтінін өзі шешеді. Өнер мен мәдениет саясаттан тыс болуға тиіс, – деді Смадияров.
Ресми өкіл әлеуметтік желіде неше түрлі ақпарат жарияланатынын, әрбір ақпаратқа пікір білдіру артық екенін атап өтті.
Айта кетейік, 2023 жылдың тамызында Максим Галкин Қазақстанда концерт өткізуге қатысты қиындық туындағанын мәлімдеді.
«Ойдан шығарылған себептер мен тыйымдар бар. Билет сатыла басталды, алайда кейіннен билетті сату тоқтатылды. Менің концерттерімді өткізуден қорқып отырғанына қарағанда, мен Қазақстан билігі үшін қауіпті шығармын», деді ол.
Артистің мәлімдемесінен кейін Астана қаласының мәдениет басқармасы, ұйымдастырушылар қайта жүгінген жағдайда, тиісті заңнамаға сәйкес Максим Галкиннің кешін өткізу мүмкіндігін қарастыруға дайын екенін жеткізді.
Содан кейін ресейлік шоумен Максим Галкинге Алматы мен Астана қалаларында концерт өткізуге рұқсат берілгенін хабарлады.
Алайда қазанда Галкин видео жариялап, концерті өтпейтін болды. Оған Қазақстан тарапының концертке бір апта қалғанда екі қаладағы концерт залдарында жөндеу жұмыстары басталатынын хабарлағаны себеп болды.
«1 қазаннан бастап Республика Сарайының концерттік қызметі сахна механикасының апатты жағдайына байланысты шұғыл тоқтатылады. Жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары мамандарының бағалауы бойынша бұзушылықтарды жою жөніндегі нұсқаманы орындау үшін екі апталық мерзім қажет. Сол себепті осы мерзімге жоспарланған барлық концерттер тоқтатылады», делінген «Алматы әуендері» КМҚК әкімшілігі таратқан ақпаратта.