Фото: .kursiv.media
Қазақстан 7 қазанда Ауғанстанның Герат провинциясында болған жойқын жер сілкінісінің салдарын жоюда қолдау көрсетіп, гуманитарлық көмек береді. Үйінді астында қалған адамдарды құтқару үшін ТЖМ құтқарушылары, соның ішінде кинолог мамандар жіберілетін болды. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Қазақстан Республикасы Ауғанстанға гуманитарлық көмек көрсетеді», – делінген хабарламада.
Гуманитарлық көмек азық-түлік тауарлары, шатырлар, дәрі-дәрмектер, киім-кешек және басқа да қажетті заттардан тұрады. Жүктер жақын арада әуе және теміржол көлігімен жөнелтілетін болады.
7 қазанда Ауғанстанда магнитудасы 6,2 болатын жер сілкінісі болды. Еуропа-Жерорта теңізі сейсмологиялық орталығының мәліметінше, апат ошағы Гераттан солтүстік-батысқа қарай 42 шақырым жерде болған.
Табиғи апаттан қаза тапқандар саны 2,5 мыңнан асады. Ауғанстанның Ақпарат және мәдениет министрлігінің өкілі Абдул Вахид Райан алты ауыл қирап, жүздеген бейбіт тұрғындар үйінділер астында қалғанын хабарлаған.
Ауғанстанның Табиғи апаттарды басқару министрлігінің баспасөз хатшысы Джанан Саик Кабул халықаралық қауымдастықтан жер сілкінісінен зардап шеккендерге көмек көрсетуді сұраған еді.
БҰҰ өз кезегінде халықаралық ұйымдарды бірлесіп, зардап шеккендерге көмек қолын созуға шақырды.