Жаңалықтар

Қазақстандықтар көп ақша жұмсап, аз тамақ сатып алатын болды

Фото: shutterstock.com

Қазақстандықтар азық-түлікке көбірек ақша жұмсағанымен, тұтынатын тамақтың көлемі азайған. Бұған ҰСБ деректерді дәлел. Бұл туралы Бірінші несие бюросы жазады.

9 айда бөлшек саудада 4,24 трлн теңгенің азық-түлік өнімдері сатылған. 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, нақты бағамен өсім 10,8%-ды (411,8 млрд. теңге) құраған.

Алайда бөлшек сауда желілері арқылы сатылатын азық-түлік тауарларының көлемі 6,4% азайды.

Қаңтар-қыркүйек айларында ақшалай мәндегі азық-түлік саудасы өсіп отыр. Алайда көлемі жағынан 3 жыл қатарынан азайып келеді. Яғни, азық-түлікке жұмсайтын ақша көбейгенімен, оған сатып алатын тауар көлемі аз.

Қаңтар-қыркүйек айларында Қазақтанның 14 өңірінде азық-түлік тауарларының бөлшек саудада сатылған көлемі азайғаны байқалды. 9 өнірде ақшалай мәндегі сауда көлемі өскен.

2023 жылғы қаңтар-қыркүйекте республикадағы бөлшек сауданың жалпы көлеміндегі едәуір жоғары үлес Алматы (32%) мен Астана қалаларына (12,9%), Қарағанды (8%) және Шығыс Қазақстан (6,1%) облыстарына тиесілі.

Ұлттық банктің баяндамада жылдық инфляцияның жеті ай қатарынан төмендеп келетіні айтылады. Қазіргі инфляция деңгейі – 11,8%. Оның бәсеңдеуіне әсер еткен факторлардың бірнешеуін атап көрсетуге болады. Олар: қатаң ақша-кредит саясаты, 2022 жылғы жоғары базаның аяқталуы, жаһандық инфляциялық қысым мен өндіріс шығындарының төмендеуі. Мұның ықпалы айлық инфляцияға да әсер етті.

Айлық инфляция да 0,6%-ке дейін бәсеңдеді. Алайда, айлық инфляцияның өсу қарқыны әлі де орташа мәннен айтарлықтай жоғары қалыптасып келеді. 

ҰБ төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұловтың мәлімдеуінше, нан, жарма, сүт өнімдері, ет пен қант бағасының өсу қарқыны да тежелген. Жеміс-жидек пен көкөніс маусымдық кезеңге байланысты арзандаған. Нәтижесінде, азық-түлік инфляциясы 11,4%-ке дейін түскен.

Өмір сүру деңгейіне қатысты рейтингте Қазақстан 140 елдің ішінде 91-орында тұр. Қазақстанның индексі бұл рейтингте 25,4-ті құрайды.