«Қашаған» кен орны операторына салынған айыппұл: Экология министрлігі оны қалай өндіріп алмақ?

Жарияланды
Шығарушы редактор

Фото: kursiv.media

Экология және табиғи ресурстар министрлігі Қашаған кен орнының операторына 5,1 млрд доллар айыппұл салу мәселесін сотты айналып өтіп шешуді көздеп отырған жоқ. Бұл туралы министр Ерлан Нысанбаев мәлімдеді.

«Бүгінде үкімет немесе мемлекеттік орган сот шешіміне еш ықпал ете алмайды. Қалай болғанда да, біз жергілікті және халықаралық сот шешімін күтеміз», – деді Нысанбаев.

Оның айтуынша, бүкіл сот процесі ұлттық заң мен халықаралық құқық аясында жүргізіледі. Ол Қашағандағы тексеріс нәтижесінде рұқсат етілген 773 мың тоннаның орнына 1,7 млн ​​тонна күкірт жинақталғанын еске салды. Бұл сотқа арыз беруге түрткі болған.

«Бірінші сатыдағы сотта біз жеңіліп қалдық, бірақ аппеляциялық шағым түсірдік. Қазіргі кезде бұл мәселе сотта қаралып жатыр», – деді министр.

Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Жомарт Әлиевтің айтуынша, North Caspian Operating Companу консорциумы Қазақстанның экологиялық талаптары бойынша халықаралық арбитражға жүгінбеген.

«Бүгінге дейін NCOC арбитраж сотқа материал жолдау бойынша министрлікке немесе Қазақстан Республикасына өтініш білдірген жоқ. Қазіргі кезде іс еліміздегі сот жүйесінде қаралып жатыр. Әзірге компания да, біз де арбитраж сотқа өтініш берген жоқпыз», – деді Әлиев.

Комитет басшысы компания істі халықаралық арбитраж қарасын деп бастама көтеруге құқылы деді.

«Бірақ бүгінгі күнге дейін министрлікке материалдардың арбитраж сотқа жіберілгені туралы ресми ақпарат түскен жоқ», – деп қосты ол.

Өткен аптада Bloomberg Қашаған жобасына инвестиция құйып жатқан ірі мұнай компаниялары Қазақстан үкіметі салмақшы болған айыппұлға қатысты халықаралық арбитражға жүгінуі мүмкін екенін жазған.

Наурызда Атырау облысының экология департаменті Қашаған операторы «Болашақ» зауытының қоймаларында 1 миллион тоннадан астам күкіртті шектен тыс сақтағанын хабарлады. Экологтардың айтуынша, NCOC қоршаған ортаны қорғау жоспарын толық орындамай отыр: ағынды сулар тиісті тазартусыз булану тоғанына жіберіліп, шикі газ экологиялық рұқсатсыз жағылады.

ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі тексеріс қорытындысы бойынша NCOC компаниясына шағым түсірген. Компанияға шамамен 2,3 триллион теңге көлемінде айыппұл салуды талап етті. Айыппұлдың нақты мөлшерін сот анықтауы керек еді.

Алайда Қашаған кен орнының операторы экологтардың 2,3 триллион теңге айыппұлын сот арқылы даулаған. 14 маусымда Астана қаласының Әкімшілік істер жөніндегі мамандандырылған соты North Caspian Operating Company консорциумының  шағымын ішінара қанағаттандыру туралы шешім шығарды. Сот шешімімен талап арыздың үш тармағы қанағаттандырылған. Қалған шағымдарын сот қанағаттандырудан бас тартты.

Бірақ ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі сот шешімімен келіспеді. Министрлік ертесі Астана қаласының мамандандырылған әкімшілік сотына шағым түсіретінін хабарлады.

«NCOC шағымы ішінара қанағаттандырылды. Министрлік соттың шешіміне жоғары тұрған органға шағым жасайды», -деді Экология министрлігінің баспасөз қызметі.

Ал Премьер-министр Әлихан Смайылов Қашағандағы өндіріс көлемін 6 есе арттырып,  жылына 75 млн тоннаға жеткіземіз деді.

Қашаған – кейінгі онжылдықта ашылған әлемдегі ең ірі мұнай кен орындарының бірі. Оның қоры 9 миллиардтан 13 миллиард баррельге дейінгі мұнайды құрайды. Қашағандағы коммерциялық өндіріс 2016 жылдың күзінде басталды.

NCOC консорциумының акционерлері: KMG Kashagan B.V. (16,877%), Shell Kazakhstan Development B.V. (16,807%), Total EP Kazakhstan (16,807%), AgipCaspian Sea B.V. (16,807%), ExxonMobil Kazakhstan Inc. (16,807%), CNPC Kazakhstan B.V. (8,333%) және Inpex NorthCaspian Sea Ltd. (7,563%).

Қазіргі уақытта Қазақстанда 104 мұнай-газ өндіруші кәсіпорын 295 кен орнын игеріп жатыр. Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған сынды үш ірі кен орнындағы көмірсутек өндірісі жалпы мұнайдың 60%-ын құрайды.

Сондай-ақ оқыңыз