Жаңалықтар

Ақтөбе облысында жерасты су қорының үстінде тұрған мұнай бұрғыларының жұмысы 2029 жылға дейін тоқтатылады

Ақтөбе облысында үш ірі қаланы тұщы сумен қамти алатын жерасты су қоры қорының үстіне мұнай скважиналары орналастырылған. Бұл жайлы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен жиында айтылды.

Атап айтқанда «Ада ойл», «Қазмұнай газ», «Урихтау оперейтинг», » Қазақойл-Ақтөбе», «СНПС-Актобемунайгаз» сынды бес компанияның мұнай скважиналары Көкжиде жерасты көлінің дәл үстінде жұмыс істеп тұрған көрінеді. Яғни мұндай ірі су қорының су тапшылығы арта түскен уақытта стртегиялық маңызы жоғары.

«Көкжиде құм белдеуінің астында стратегиялық тұщысу қоры орналасқан. Сол жерде 300-ге жуық мұнай скважинасы бар. Бұл су қоры Ақтөбе, Атырау, Ақтауды тұщысумен қамти алады. Кеңес одағы тұсында осы аумақты өндірістік мақсатта пайдалануға тыйым салған. Ал қазір мұнай өндіретін компаниялардың саны артып, мұнай қалдықтарын тастап, ауа мен топырақты ластап жатқаны белгілі. Қай уақытта қашан бұл компанияларды ликвидация жасайсыздар? Жоспар қандай?» – деп сұрады журналист «ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтан.

Өз кезегінде министр мұнай скважиналарының алғашқыда жерасты көлінің үстіне орналастырылмағанын, қазіргі жағдайдың қалыптасуына жерасты су ресурстарының артуы себеп болғанын айтты. Министрдің айтуынша, бүгінде жерасты суының көлемі екі есе өскен.

«Ақтөбе облысындағы Көкжиде су қоры ерекше табиғи орын. 2009 жылдармен салыстырғанда қазір жерасты көлінің көлемі екі есе өскен. Баяғыда 317 мың текше километр болса, қазір 600 мың текше километрге жеткен. Ол не деген сөз? Қазір жерасты көлі екі есе өсіп, бұрын құрғақ жерде тұрған мұнай бұрғылары көл аумағына кіріп кеткен. Осыған байланысты үкіметтің бекіткен жоспарымен, кезең-кезеңімен бес мұнай компаниясының скважинасын жабу туралы шешім шыққан. Мемлекет басшысы да бұл шараны қолдады. Алдағы уақытта Ада ойл, Қазмұнай газ, Урихтау оперейтинг, Қазақойл-Ақтөбе, СНПС-Актобемунайгаз секілді компаниялардың бұрғылары кезең-кезеңімен істен шыға бастайды. Біз «шаш ал, десе бас алмаймыз». Өйткені ол компанияларда өзіміздің азаматтарымыз жұмыс істеп жүр. Бірақ бұл мәселе министрлікте қаралып жатыр. 2029 жылға дейін жоспар бойынша аяқталады, қазіргі таңда мемлекеттік органдармен келісу процесі жүріп жатыр», деді министр.

Ол 5 мұнай скважинасының жұмысын бірден тоқтату техникалық тұрғыда мүмкін емес екенін айтты. Өйткені бір мұнай скважинасының жұмысын тоқтатудың өзі оңайға соқпайды және процесс дұрыс жүргізілмесе су қоры екінші мәрте ластануы мүмкін.

«Көкжиде жерасты кен орнының контурында орналасқан бұл кәсіпорындарды бірден тоқтату техникалық тұрғыдан мүмкін емес. Бұл бірінші себеп. Екінші себеп – егер біз барлық ұңғымалардан бас тартып, оны жоюға арналған техниканы кен орны контурына әкелетін болсақ, онда екінші реттік техникалық ластану қаупі туындайды. Қарапайым тілмен түсіндірсек, бір мұнай-газ ұңғымасының жұмысын тоқтауға арнайы техниканы қажет ететін өте күрделі техникалық операция жасалуы керек. Бұл орайда үлкен жұмыстар жүргізілуі керек. Сондықтан да бес кәсіпорын бойынша кезең-кезеңімен тарату жоспарын жасадық. Бұл мекемелер өз жұмысын 2029-2030 жылдары тоқтатады», деді министрлік өкілі.

Сонымен бірге журналистер Каспий теңізінің ластану жағдайын да тілге тиек етті. Бүгінгі таңда теңіз жағалауынан 59 итбалықтың денесі мен бекіре балықтары табылғаны туралы ақпарат тарады. Олардың қырылуының себебін анықтау мақсатында мамандар сол жердегі топырақ пен судың, ауаның құрамын тексеріп жатыр екен. Алайда экологтар су асты тіршілік иелерінің өліміне судың ластануы себеп болмағанын айтады. Кінәлі – дауыл болуы мүмкін.

«Бүгінгі таңда 59 итбалық пен 67 бекіре балығы табылды. Айтайын дегенім, олар дауылдан кейін жағаға лақтырылды, ал мәйіттердің жағдайына қарап, өлім әр уақытта болғанын айтуға болады. Итбалықтар мен балықтардың етінің ыдырау дәрежесі әртүрлі», – деді министр.

Министр өткен жылы да дәл осылай жағалаудан өлі итбалықтар табылғанын, анығында оған пневмония себеп болғанын атап өтті.

«Бүгінгі күні оған әртүрлі аурулар мен басқа да жағдайлар себеп болып отыр деп ойлаймыз»,- деп мәлімдеді Нысанбаев.