Былтыр «Самұрық-Қазына» 493 млрд теңге дивидент жинады. Қаражат қандай мақсатқа жұмсалады?

Жарияланды
«Самұрық-Қазынаның» таза табысы 1 922 млрд теңгені құраған / Фото: kursiv.media

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры АҚ құрамына қазіргі уақытта 13 еншілес компания кіреді және олардың тең жартысынан астамы негізгі акционерге белсенді түрде дивиденд төлеп келе жатыр. «Самұрыққа» дивиденд төлеу тұрғысынан ең алда тұрған ұжым – «Samruk-Kazyna Construction» АҚ. Finprom мәліметінше, төлеген сомасы аса көп емес – 3,2 млрд теңге, бірақ бір жылдағы сома өсімі әжептәуір – 58,5 пайыз. Одан кейінгі орындарда – «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы (1,5 есе өсім, 300 млрд теңге) және «Тау-Кен Самұрық» (0,2 пайыз, 89 млрд теңге).

Осы ретте біз ұлттық әл-ауқат қорына сауалдар жолдап, дивидендтік саясаттың көрсеткіштері туралы ақпарат алуға тырыстық.

Компания сайтында көрсетілген мәліметке қарасақ, «Самұрық-Қазына» қорының кірісі 2022 жылдың қорытындысы бойынша 14 785 млрд теңге болды. Таза табыс – 1 922 млрд теңге. Бұл ретте «Самұрық-Қазына» портфелді компаниялардан 493 млрд теңге дивиденд жинаған. Алайда KASE құжаттары мен ресми сайтта көрсетілген деректерді негізге ала отырып жасалған кестеде портфелді компаниялардан жиналған дивиденд көлемінің 650 млрд теңгеден асып кететінін аңғарамыз. Бұл ретте деректерде сәйкессіздік туындап отырғандай көрінеді.

Екіншіден, «Самұрық-Қазына» мемлекетке 302 млрд теңге көлемінде дивиденд берген. Таза табысы 1 922 млрд теңгені құраған және еншілес компанияларынан да тәуір дивиденд жинаған әл-ауқат қорының бұл сомасы аз секілді.

«Самұрық-Қазынаның» бізге берген жауабына қарасақ, қордың қаржылық көрсеткіштерінде портфельдік компаниялардың дивидендтері бас ұйымның (корпоративтік орталықтың) үлесіне тиеді.

«Қордың жекеленген қаржылық есебіне сәйкес қордың портфельдік компаниялардан алған дивидендтік кірісі 493 млрд теңгені құрады. Өзге ресурстар бойынша портфельдік компаниялар жайлы ақпарат пен қордың қаржылық көрсеткіштерінің арасындағы айырмашылықтардың себебі портфельдік компаниялар барлық акционерлерге, соның ішінде бас компанияның (қордың) үлесіне де төлемдерді көрсететініне байланысты туындайды. Қордың портфелінде оның 50-ден 100%-ға дейінгі иелену үлесі бар компаниялар кіреді (31.12.2022 жылы «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-дағы иелену үлесі – 87,42%, «KEGOC» АҚ – 90%+1 акция, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАҚ» АҚ – 75% және т.б.). Тиісінше, қор дивидендтер алады және олар бойынша өзінің иелену үлесіне сәйкес кірістерді есепке алады», деген жауап ұсынады.

Сондай-ақ қор басшылығының түсіндіруінше, Мемлекет басшысының бюджетке ұлғайтылған дивиденд бағыттау жөніндегі тапсырмасының қорға қолданылмайтын себебі – қор акцияларының жекелеген мемлекеттік органдардың басқаруына берілмейтініне байланысты.

«Ұлттық әл-ауқат қоры туралы» заңына сәйкес қордың жалғыз акционері ҚР-ның Үкіметі болып табылады. Қазақстан Республикасының Үкіметі толыққанды акционерлік міндеттерін атқара отырып, қордың кірісін Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 19 ақпандағы №80 қаулысымен бекітілген қордың жекелеген дивидендтік саясаттың шегінде бөледі», деп түсіндіреді.

Олардың айтуынша, еншілес компаниялардың дивидендтік саясаты қордың кірісіне және мемлекетке жіберілетін дивидендтер деңгейіне әсер етеді.

«Дивидендтік саясаттың орындалуы 2021 жылдың қорытындысы бойынша 2022 жылы 124% құрады. Қордың дивидендтік саясатының белгіленген ережелерін ескере отырып, қордың жүйелік маңызды компанияларынан түскен дивидендтік кірістің 50%-ы 244,5 млрд теңгені, ал әлеуметтік жобаларды қаржыландыру шығындарын есепке алғанда дивидендтер сомасы 302 млрд теңгені құрады. Осылайша, қор республикалық бюджетке дивиденд түрінде 170 млрд теңге және жалғыз акционердің шешімімен «акционерге өзге бөлулер» түрінде 132 млрд теңге жіберді. Қалған қаражат қор тобындағы портфельдік компаниялардың жобаларын қаржыландыруға алынған несиелер бойынша сыйақыны өтеуге, алынған қарыздар мен шығарылған бағалы қағаздар бойынша негізгі борышты өтеуге, портфельдің өндірістік қызметіне тікелей қатысатын өндірістік активтерді жұмыс жағдайында ұстауға, қор тобының инвестициялық бағдарламасына, оның ішінде басым ұлттық жобаларға жұмсалады», дейді.

Қор басшылығының айтуынша, портфельдік компанияларға қатысты төленетін дивидендтердің мөлшері олардың жетілу дәрежесіне және қаржылық тұрақтылық көрсеткіштері негізінде айқындалатын қаржы-экономикалық жай-күйіне қарай сараланып айқындалады және портфельдік компанияның бос ақша ағынының пайызы ретінде есептеледі (20%-дан 100%-ға дейін)

«Дивидендтер мөлшері туралы түпкілікті шешімді акционерлердің жалпы жиналысы (жалғыз акционер) немесе компанияның – акционерлік қоғамның барлық дауыс беретін акцияларына иелік ететін тұлға, жауапкершілігі шектеулі серіктестік – компанияның жалғыз қатысушысы (қатысушылардың жалпы жиналысы) қабылдайды. Қор компанияның дивидендтер төлемеуі туралы шешімді қабылдауға құқылы», делінеді жауапта.

Ресми статистикаға қарап, «Қазақстан Темір Жолы», «Қазақ Эйр», «Эйр Астана», Қазпошта», «Самұрық Қазына Өңдеу» компанияларының бірнеше жыл қатарынан акционеріне дивиденд төлемей келе жатқанын көреміз. Бұл ретте «Самұрық-Қазына» әр компанияға қатысты жеке-жеке түсініктеме береді.

«Қазақстан темір жолы»

2023 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның инвесторлар алдында 2,5 трлн теңге сомаға қарыз міндеттемелері бар. Олар өткен жылдары қауіпсіз тасымалды қамтамасыз ету, аса тозған (46%-дан 57%-ға дейін) жылжымалы құрамды, магистральдық желіні және жол техникасын жаңарту мақсатында, капиталды көп қажет ететін инвестициялық жобаларды қаржыландыруға тартылған. Сонымен қатар қарыздар Қазақстан Республикасының транзиттік әлеуетін дамыту бағдарламасын орындау шеңберінде, теміржол учаскелерін салу және жаңғырту мақсатында, инвестициялық жобаларды қаржыландыруға тартылды.

Компанияның таза пайдасы инфрақұрылымды жаңғырту және жылжымалы құрамды жаңарту жоспарын уақтылы орындау мақсатында дивидендтерге, сондай-ақ қарыздарға қызмет көрсету жұмсалмайды.

Бұл ретте, 2019 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша 2019 жылы компания акционерге 2013-2014 жылдардың қорытындысы бойынша жарияланған 16 425 млн теңге сомасында дивидендтер төледі. 2018 жылы компания акционерге 2017 жылдың нәтижелері бойынша 1 710 млн теңге сомасына дивидендтер жариялап, төледі.

«Қазақ Эйр»

Мемлекет 2015 жылы құрған Qazaq Air жаңа әуе компаниясы 2022 жылдың қорытындысы бойынша оң операциялық пайдаға қол жеткізді. Таза пайданың болмауы ҚЕХС сәйкес сыйақының нарықтық мөлшерлемесін пайдалана отырып, әділ құн бойынша қарыздарды бастапқы тану салдарынан қаржылық шығыстарды есептеуге байланысты. Таза кірістің болмауына байланысты, дивидендтер төлемеу туралы шешім қабылданды.

«Эйр Астана»

Әуе компаниясы акционерлерге 2022 жылға 3,83 млрд теңге сомасында толық көлемде дивидендтер төледі. Акционерлердің шешімі бойынша 2018-2021 жылдары дивиденд төленбеді. Бұл әуе компаниясына мемлекеттен немесе акционерлерден көмек сұрамай-ақ, авиация саласы үшін өте қиын болған пандемиялық және пандемиядан кейінгі кезеңде жұмыс істеуге мүмкіндік берді.

«Қазпошта»

Ұлттық пошта операторы ретінде «Қазпошта» АҚ Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында жалпыға қолжетімді қызметтер көрсете отырып, экономикалық, әлеуметтік, экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етуге жауапты. Бұл ретте, ауылдық жерлерде 72% немесе 1 986 бөлімшесі орналасқан. Елдегі ең кең филиалдық желіні ұстау көрсетілетін қызметтердің құнын арттырады. Бұл соңғы жылдары Қазпоштаны шығынға алып келді, мысалы, 2022 жылдың өзінде шығын 12,4 млрд теңгені құрады. Тиісінше, «Қазпошта» АҚ дивиденд төлеген жоқ.

2023 жылы компания пайдаға шығуды жоспарлап отыр және жылдық қаржылық есептілік бекітілгеннен кейін дивиденд төлеу мәселесі қарастырылатын болады.

Самұрық Қазына Өңдеу

«SK Ondeu» ЖШС – жоспарлы-шығынды жобалау компаниясы. Компания өз активтерін жасайды. Компания қызметінен шығынның болуына байланысты, дивиденд төлеу мүмкін емес. Бұл ретте, компания операциялық қызметті өздігінен қаржыландырады. 2023 жылы компания 2022 жылдың дивиденді түрінде 2 896 млн теңге төледі.

Басшыларының табысы миллиондап есептелетін «Қазақтелеком» компаниясының да төлеп отырған дивиденд көлемінің неліктен төмен екенін сұрамай кету мүмкін емес.

«Қазақтелеком» АҚ-ның бекітілген дивидендтік саясат туралы ережесінде кезең соңындағы қоғамның қаржы-экономикалық жағдайын (орнықтылық және өтімділік көрсеткіштері) ескеретін дивидендтер мөлшерін айқындау тәсілі көзделген. АҚ-ның дивидендтік саясаты туралы ережеге сәйкес дивидендтік саясатының негізгі қағидаттарының бірі –  АҚ-ның қаражаты есебінен іске асырылатын қызметтің жаңа түрлерін және инвестициялық жобаларды қаржыландыруды қоса алғанда, АҚ қызметін қаржыландыруды қамтамасыз ету қағидаты болып табылады. Жалпы, акционерлердің пайдасына «Қазақтелеком» АҚ дивидендтерінің мөлшері 2019 жылдан бері 4 есеге ұлғайды.

2021 жылдың қорытындысы бойынша дивидендтер мөлшеріне Кселлдің 24% акциясын сату мәмілесі де оң әсер етті. 2022 жылы АҚ стратегиялық инвестициялық жобаларға қомақты қаражат инвестициялады, ал 2023 жылдың бірінші жартысында «Қазақтелеком» АҚ тобы 5G радиожиілік желісі (РЖС) үшін ел бюджетіне 156 млрд теңгеден астам қаржы төледі. Директорлар кеңесі ұсынған инвестициялық жобаларды іске асыру үшін АҚ-ның қаражатқа деген барлық қажеттіліктеріне қарамастан, 2022 жылдың қорытындысы бойынша дивидендтер мөлшері АҚ-ның бекітілген дивидендтік саясатында белгіленген 15% минимумнан 2-ге жуық асып түсті.

Бірнеше еншілес компанияларының дивиденд төлеу өсімі бойынша әлі де минус аймақта. Бұл сол компаниялардың және жалғыз акционері «Самұрық-Қазынаның» тиімсіз саясат ұстанып отырғанын және жұмысты дұрыс үйлестіре алмай жатқанын көрсете ме?

Қор басшылығының айтуынша, қордың портфельдік компанияларға дивидендтік саясатының негізгі қағидаттарының бірі, басқалармен қатар: портфельдік компаниялардың қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету, даму шығыстарын қаржыландыруды қамтамасыз ету, оның ішінде портфельдік компаниялардың әлеуметтік маңызды инфрақұрылымдық жобаларын іске асыру болып саналады.

«Қор тобында 20 трлн теңгеден астам сомаға басым әлеуметтік маңызды, оның ішінде энергетикалық қауіпсіздік проблемаларын шешуге бағытталған және ел экономикасын жаңғыртуға ықпал ететін инфрақұрылымдық жобалар іске асырылуда. Бұл жобаларды іске асыру үшін өз қаражатынан да, қарыз қаражатынан да қаржыландыру талап етіледі, бұл ретте, портфельдік компанияларда борыштың оңтайлы деңгейін сақтау маңызды. Кейбір жағдайларда, компаниялардың басым әлеуметтік маңызды инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға өзі қатысуының оңтайлы деңгейін қамтамасыз ету үшін портфельдік компаниялар төлейтін дивидендтердің деңгейін төмендету талап етіледі. Осы қағидатты бұзған кезде портфельдік компаниялардың кредиттік тәуекелі артады, бұл қажетті қаржыландыруды тартуды қиындатады және қарыздық қаржыландыру құнына теріс әсер етеді», деп түсіндіреді «Самұрық-Қазына».

Сондай-ақ оқыңыз