Жаңалықтар

Мемлекеттік сатып алу шарттарына өзгеріс енгізілді: онда шетелден әкелінетін кеңсе қағазы саудаланбайды

Ұлттық режимнен алып қоюды белгілеу туралы жаңа қаулы қабылданды. Қаулыда ұлттық режимнің жаңа шарттары нақтыланған. Бұдан былай шетелде өндірілген А3 және А4 форматтарындағы хат, баспасөз немесе басқа да графикалық мақсаттарға арналған қағаз өнімдері Мемлекеттік сатып алуға қатыстырылмайды.

дереккөз: primeminister.kz

Сонымен қатар, мемлекеттік сатып алу процесінде отандық өндірушілерге басымдық берілмек. Арнайы тізілімге қазақстандық тауарлар, жұмыстар мен қызметтер қарастырылады. Қазақстандық әлеуетті өнім берушілер өндірген тауарлар Мемлекеттік сатып алуға қатыстырылады.

Айшықтай кетейік, Үкіметтің мемлекеттік сатып алуға қатысты 2023 жыл, 13 қазандағы № 904 қаулысы 28.10.2023 жылы қолданысқа енгізіледі. Тыйым салу мерзімі – екі жыл.

Еске сала кетейік, мемлекеттік сатып алу шарттарына өзгеріс тауар, жұмыс, көрсетілетін қызмет тізбесін сатып алуды жүзеге асыру тәсілдері бойынша бұрын да енгізілген.

Өзгерістерге сәйкес құрылыс-монтаж жұмыстарын сатып алу рейтингтік-баллдық жүйе бойынша конкурс тәсілімен жүзеге асырылады. Ол бұрын тек конкурс арқылы жүргізілетін.

Аталмыш бұйрық 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап қолданысқа енгізілген болатын.

Орайы келгенде айта кетейік, мемлекеттік сатып алуға қатысты заңсыздықтар Қазақстанда жиі болып тұрады. Мәселен, осы жылы Жетісу облысының прокуратурасы 3 млрд теңгеден астам сомаға мемлекеттік сатып алуды тоқтатқаны жайлы жазғанбыз.