Мәжіліс Сенаттың Ұлттық қордан балаларға төленетін төлемдер туралы заңға енгізген түзетулерімен келісті.
Сенат Заң жобасына 10 түзету енгізген. Атап айтқанда, редакциялық-нақтылау сипатында 5 түзету, Қазақстан Республикасының жекелеген заңнамалық актілеріне сәйкес келтіруді көздейтін заңдық сипатта 5 түзету енгізген.
«Заң жобасы 2023 жылғы 23 мамырда Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне енгізілді. Жобаның негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасы азаматтарының өскелең ұрпағын қолдау. Яғни оларға кәмелетке толған кезде жиналған қаражат есебінен тұрғын-үй жағдайларын жақсартуға немесе білім алуға мүмкіндік жасау. 23 қыркүйекте мәжіліс қабылдаған заң жобасы парламент сенатының қарауына жіберілген болатын. Сенат 13 қазанда заң жобасын кері қайтарды», деді Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі, депутат Берік Бейсенғалиев .
Депутат сенаттың Заң жобасының тұжырымдамалық ережелеріне өзгеріс енгізбегенін, тек заңның кей тұстарын жекелеген заңнамалық актілерге сәйкестендіру үшін түзетулер ұсынғанын атап өтті.
«Сенат он өзгеріс енгізді. Атап айтқанда, мақсатты жинақтарды Бірыңғай зейнетақы қорындағы шоттарға аудара отырып, екінші деңгейлі банктерде, ұлттық почта операторында ашылған банк шотына аударуды реттейтін нормалардағы долларды теңгеге айырбастау – «аудару күні» емес, «аудару кезінде» деп өзгертілді. ҚР Тұңғыш президенті Елбасы туралы Конституциялық заңның қолданылуын тоқтатуға байланысты терминологияны біріздендіру үшін ҚР Арнаулы мемлекеттік органдары туралы ҚР Заңына түзету енгізілді. Сенат енгізген түзетулер Заң жобасының тұжырымдамалық ережелерін өзгертпейді. Сол себепті комитет Сенат енгізген өзгерістермен келісуді ұсынады», деді Бейсенғалиев.
Еске сала кетсек, Сенат Ұлттық қордан балаларға арналған қаражатты есептеу және пайдалауға қатысты заңның жекелеген баптарын мақұлдамай, заң жобасын Мәжіліске кері қайтарған болатын. Сенат депутаты Бекбол Орынбасаров Заңның кейбір ережелерін ішінара сәйкестендіру қажеттігін және Ұлттық әл-ауқат қорының жалғыз акционерінің құзіретін регламенттейтін, қайталанатын нормаларын алып тастау қажеттігін айтқан.
Заң Мемлекет басшысының 2024 жылдың 1 қаңтарынан «Ұлттық қор – балаларға» жобасын іске қосу туралы тапсырмасы негізінде әзірленген. Оның аясында Ұлттық қордың жылдық инвестициялық кірісінің 50 пайызын балаларды мерзімінен бұрын алу құқығынсыз 18 жасқа толғанға дейін арнайы жинақ шоттарында ұстау ұсынылады.