Фото: kursiv.media
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры топ-менержерлерінің миллиондаған сыйақы мен бонус алғанын жоққа шығарды. Бұған дейін бірқатар БАҚ-та қор басшылығы миллиондап сыйақы алғаны жайлы ақпарат тараған.
Қор таратқан хабарламада 2022 жылы басқарма мүшелері қандай төлем және қанша мөлшерде алғаны жазылған.
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру Қоры Басқармасының әрбір мүшесінің, оның ішінде төрағаның сыйақы мөлшері Үкімет Қаулысымен 10 ең төменгі жалақы деңгейінде (2022 жылы 600 мың теңге) шектелген. Бұл бір жыл ішінде бір басқарма мүшесіне сыйақы ретінде төлеуге қарастырылған сома. Басқарма мүшелері басқа сыйақы алған жоқ», – делінген хабарламада.
.Ал қордың жылдық есебінде көрсетілген 93,8 млн теңге – басқарма мүшелерінің (төрағаны қоса алғанда) 2022 жылы алған жалақы, демалыс және ем-шара жәрдемақылары екен.
Директорлар кеңесі Қордың Басқарма төрағасының жалақысының шекті мөлшерін белгілеген. Қазіргі басқарма басшысы таза қолға 1,39 млн теңге алады.
Кеше Мәжіліс кулуарында ДСМ басшысы Ажар Ғиният медициналық сақтандыру қорының топ-менеджерлері 2022 жылы бонус алған жоқ деп сендірді
Еліміздің бас дәрігері өткен жылы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының директорлар кеңесі қордың басшылық құрамына қосымша төлемақы тағайындамау туралы шешім қабылдағанын тілге тиек етті.
«Әрқайсы жылына 600 мың теңгеге дейін сыйақы алған. Нормаға сәйкес, оларға берілетін сыйақы 600 мың теңгеден аспауы тиіс. Атап айтқанда, Медицина қызметкерлері күнінде 300 мың теңгеден және Республика күнінде 300 мың теңгеден алған», – деді А. Ғиният.
9 қазандағы Үкімет сағатында депутаттар МӘМС жүйесіндегі проблемаларды көтерген болатын. Депутат Ерлан Саиров еліміздің 3,3 млн азаматы сақтандырылмағанын, әсіресе ауыл тұрғындары жүйеден түсіп қалғанын айтты.
Ал Денсаулық министрі кедейлік шегінде өмір сүретін 1,5 млн адамды мемлекет есебінен сақтандыруды ұсынып отыр.
Ажар Ғиният қазіргі кезде МӘМС арқылы бір адамға 122 мың теңгеге қызмет көрсетілетінін, алдағы уақытта жүйеде қандай өзгеріс болатынын айтып өтті.
Министрдің мәліметінше, МӘМС жүйесін енгізу денсаулық сақтау саласындағы қаржыландыруды 1 трлн теңгеден 2,5 трлн теңгеге дейін арттырған.
Қазіргі кезде мемлекет 15 түрлі жеңілдік санатына кіретін 11,7 млн адамға МӘМС жарнасын төлейді.
Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиевтың айтуынша, Қазақстанда 3 миллионнан астам адам МӘМС бойынша ай сайын жарна төлемейді.
Сонымен қатар, ДСМ медициналық сақтандыруы жоқ адамдардың көлік жүргізуіне тыйым салуды ұсынып отыр.