Жаңалықтар

Шенеуніктердің қазақ тілін білуі талап етілуі мүмкін: Үкімет тіл саясатын дамыту тұжырымдамасын бекітті

Фото: tilalemi.kz

Қазақстанда тіл саясатын дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілді. Үкімет тиісті қаулыға 16 қазанда қол қойды. Тұжырымдама аясында кейбір шенеуніктердің қазақ тілін орта деңгейде білуі талап етілуі мүмкін. Бұл ұсыныс 2024 жылдың наурызында Президент әкімшілігіне ұсынылады.

Аталмыш тұжырымдаманы жүзеге асыруға жергілікті және орталық атқарушы органдар жауапты. Ал Ғылым және жоғары білім министрлігі бір жылдан кейін тұжырымдама қалай орындалып жатқаны жайлы есеп береді.

Құжат бойынша 13 нысаналы индикаторға қол жеткізу қарастырылған. Оның ішінде мемлекеттік тілді меңгергендердің үлесін атттыру, латып әліпбиін қолданатындардың қатарын көбейту,  МемБАҚ-тағы қазақтілді контенттің үлесін арттыру, терминологиялық қорды молайту т.б. бар.

Тіл саясаты тұжырымасының «тілдік ортаға негізделген тіл саясатын жүргізу, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту» атты 1-бағытын іске асыру нәтижесінде 3 нысаналы индикаторға қол жеткізу көзделген:

Бірінші, мемлекеттік тіл – қазақ тілін меңгерген тұрғындардың үлесі. Жобаға сәйкес, 2029 жылға дейін Қазақстан халқынының 84 пайызы қазақ тілін білуі тиіс.

Екінші, «ҚАЗТЕСТ» жүйесі бойынша мемлекеттік тілді В1 деңгейінде меңгерген мемлекеттік қызметкерлердің үлесі 43 пайызды құрауы керек.

Үшінші индикатор – мемлекеттік тілді В2 деңгейінде меңгерген мемлекеттік қызметшілердің үлесі. Олардың қатары 2029 жылға қарай 50 пайызан кем болмауы шарт.

Сонымен қатар, мемлекеттік органдардағы, ұлттық компаниялардағы мемлекеттік тілдегі құжат айналымының үлесі 2029 жылға қарай 94 пайыз құрауы тиіс.

Тұжырымдама аясында еліміздегі тіл саясаты мәселелері бойынша әлеуметтанулық және талдамалық зерттеу де жүргізіледі.

Ғылым және жоғары білім министрлігі жақында «Қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалау (ҚАЗТЕСТ)» бойынша тестілеу өткізу жөніндегі қағидаларын ашық талқылауға шығарды.

Бұл емтиханды мемлекеттік қызметкерлер, ҰҚК қызметкерлері, «Болашақ» стипендиясына үміткерлер және қарапайым қазақстандықтар тапсырады

Сонымен қатар қазақ тілін меңгеру деңгейі бойынша ұлттық стандарт жобасы мақұлданды. 

Бұған дейін Мемлекеттік қызметке тұру барысында азаматтарға қазақ тілін білу деңгейін анықтайтын тест тапсыру міндеттелуі мүмкін екенін жазғанбыз.

Қазір мемлекеттік қызметке тұру барысында қазақ тілін білу тест тапсыру заңнамалық тұрғыда міндеттелмеген

Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдасы аясында Siri мен Алиса сынды дауыстық көмекшілердің қазақстандық баламасы – Айсана атты робот шықпақ. Ол қазақ тілінде сөйлеп, жауап беретін болады.

Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІ сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік тіл мәселесіне тоқталған еді. Оның айтуынша, барлық азаматтың мемлекеттік тілді меңгеру мәселесі саясатымыздың стратегиялық бағыты болып қала береді.

«Қазақ тілі – азаматтық интеграцияның тиімді құралы, мәдени-рухани тұтастықтың жарқын көрінісі. Сондай-ақ қазақ тілі ғылыми прогресс пен білімнің озық жетістіктеріне жол ашатын құралға айналуы керек. Бұл – тек салалық министрліктердің ғана емес, бүкіл қоғам болып шешетін тарихи міндет», деді Президент.