Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова ұялы байланыс операторларын белгісіз телефон нөмірлерін пайдаланғаны немесе абоненттік нөмірлерді алаяқтық мақсатта үшінші тұлғаларға бергені үшін жауапкершілікке тарту қажет деп санайды.
«Ұялы байланыс операторына абоненттік нөмірді үшінші тұлғаларға айырбастауда немесе беруде жасырын телефон нөмірлерін пайдаланғаны үшін жауапкершілік енгізу ұсынылады», – деді агенттік төрағасы Мәжілісте өткен парламенттік тыңдауда.
М. Әбілқасымова ұялы байланыс операторларына жауапкершілік енгізу банк клиенттеріне зиян келтіретін қаржылық алаяқтармен күресудің тиімді тәсілдерінің бірі екенін түсіндірді.
«Біріншіден, Агенттік кеңесінің қаулысымен мобильді қосымшаларға, ақпараттық жүйелерге, банктерге және микроқаржы ұйымдарына киберқауіпсіздік талабын күшейту шарасы қабылданды. Бастапқы кодтарды тексеру талабы белгіленді, қашықтан басқару және операциялық жүйені бұзу анықталған жағдайда мобильді қосымшаны пайдалануға тыйым салынды. Екіншіден, Ұлттық банкпен бірлесіп, алаяқтыққа қатысты операциялар мен алаяқтар туралы мәліметтерді жинауды қамтамасыз ететін және нарық субъектілеріне нақты уақыт режимінде күдікті транзакцияларға тосқауыл қоюға мүмкіндік беретін алаяқтыққа қарсы бірыңғай орталық құру жоспарлануда», – деді ол.
М. Әбілқасымова азаматтардың несие алудан ерікті түрде бас тартуын үшінші, ал қаржылық ұйымның залалды өтеу немесе алаяқтық операциялар үшін клиентке қарсы талаптарды тоқтату жауапкершілігін енгізуді төртінші шара ретінде ұсынды.
Белгілі болғандай, агенттік Ішкі істер министрлігімен және Бас прокуратурамен бірлесіп, қаржылық қызметтер саласындағы жалған операцияларға ведомствоаралық мониторинг жүргізу туралы меморандум аясындағы жобаларды жүзеге асырып жатыр. Бұған қоса тараптар жалған несиелер бойынша қарыз алушылардың берешегін жедел есептен шығару алгоритміне қол қойылған.
Былтыр интернет-алаяқтықпен күресу үшін несие беру кезінде қарыз алушыларды анықтау тәртібі қатаңдатылды. Атап айтқанда, қолданысқа міндетті 2 факторлы сәйкестендіру немесе қарыз алушыны биометриялық сәйкестендіру енгізілді. Сонымен қатар телефон нөмірін тексеру талап етілетін болды. Бұдан бөлек талап-арыз жұмысын тоқтату және барлық жалған несиелер бойынша сыйақы есептеуді тоқтату талабы күшіне енді.
Осы жиында сөз алған Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха шетелдік интернет алаяқтар қазақстандық ұялы байланыс компанияларының нөмірлерін пайдалана бастағанын айтқан болатын.
«Дроперлер» ақылы түрде электронды SIM – карталарды өз аттарына тіркеп, оны алаяқтарға береді, олардың көмегімен қылмыскерлер WhatsApp қосымшасында тіркеледі. Оны іске қосқаннан кейін алаяқтар жәбірленушілерге көрсетілген мессенджер арқылы қоңырау шалып, сөйлеседі, ал олардың орналасқан жерін мұндай жағдайда анықтау қиын болып келеді», деді Лепеха.
Оның айтуынша, осы уақытқа дейін абоненттік нөмірді басқа адамдарға заңсыз бергені үшін жауапкершілік болған жоқ, бұл іс жүзінде азаматтарға осындай әрекеттерді кедергісіз орындауға мүмкіндік берді.
Қазіргі уақытта бұл олқылық жойылуда. Әкімшілік заңнамаға түзетулер енгізу қаралуда. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 637-бабы осындай әрекеттер үшін құқықтық жауапкершілікті көздейтін 18-тармақпен толықтырылады.
Елімізде жеке тұлғалар алған несиенің жалпы көлемі 18 трлн теңгені, ал қарыз алушылардың саны 8 миллионнан астам адамды құрайды. Бұл туралы Мәжілісте өткен парламенттік тыңдауда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова айтқан еді. Оның сөзінше, тұтынушылық кредит беру сегментінде соңғы 3 жылда өсім байқалуда.
Ал, Ішк істер министрлігінің дерегінше елімізде Шетелдік интернет алаяқтардың алдауына түскен қазақстандықтар 5,8 млрд теңгеге кредит рәсімдеп, 7 млрд теңге шығынға батқан.
1-ші қыркүйектегі жағдай бойынша қазақстандықтардың 18,1 трлн теңге құрайтын кредиттік портфелінің тең жартысы тұтынушылық кепілсіз несиелерге тиесілі. Бұл жайлы Парламенттік тыңдау барысында Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі, депутат Берік Бейсенғалиев айтқан болатын.