Жаңалықтар

Үлестес компанияның мүдделерін қолдап, мемлекетке үлкен зиян келтірді деген күдікпен бұрынғы Әділет министрі ұсталды

Бұрынғы Әділет министрі ұсталды/ kursiv.media

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі сенбі, 21 қазан күні бұрынғы Әділет министрінің ұсталғанын хабарлады. Ол «Мемлекет басшысының заңсыз шығарылған активтерді іздеу және қайтару жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланды» деп күдіктеліп отыр.

«Ол талап етілмейтін қызметтерді көрсетуге жыл сайынғы келісімшарттар жасау арқылы үлестес компанияның мүдделерін қолдады. Бұл әрекет мемлекетке үлкен зиян келтірді. Активтерді қайтару бойынша жұмыс жалғасуда», делінген Агенттік таратқан хабарламада.

«Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды. Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі», делінген хабарламада.

Айта кету керек, Антикор таратқан хабарламада бұрынғы Әділет министрінің аты-жөні аталмаған.

Қазір, Қазақстанда Әділет министрлігін Азамат Есқараев басқарады. Ол бұл лауазымына 2023 жылы 4 қаңтар күні тағайындалған болатын. Ол Қанат Мусиннің орына тағайындалған еді. Өз кезегінде Қанат Мусин бұл лауазымға «қанды қаңтар» оқиғасынан кейін, 2022 жылдың 11 қаңтарында жаңарған үкімет құрамында тағайындалған болатын.

Оған дейін Әділет министрлігін Марат Бекетаев басқарды. Айта кету керек, Марат Бекетаев, Нұрсұлтан Назарбаев Президент болып тұрған тұста 2016 жылғы 13 қыркүйекте және 2019 жылғы 25 ақпан күні, яғни екі рет Әділет министрі болып тағайындалған еді. Ал, Қасым-Жомарт Тоқаев Президент болғаннан кейін ол бұл лауазымды 2021 жылдың 18 қаңтарынан бастап атқарды.