Жаңалықтар

Павлодарда жүлде қоры 23 млн теңгені құрайтын шахмат турнирі басталды

Фото: ҚШФ

Павлодар қаласында «Pavlodar OPEN-2023» халықаралық шахмат турнирі – ҚР Кубогының 5-кезеңі басталды. Жалпы жүлде қоры 23 млн теңгені құрайтын турнирге әлемнің 20 елінен 220-дан астам спортшы қатысып жатыр. Бұл туралы Қазақстан шахмат федерациясы хабарлады.

«Павлодар қаласына 20 елден 220-дан астам спортшы келіп, шахмат жарыстарында жеңіске жету үшін өздерінің кәсіби сараптау және стратегиялық ойлау қабілетін көрсетеді», – делінген хабарламада.

А турниріне 18 елден 86 спортшы қатысады. Олардың ішінде 16 гроссмейстер және 23 халықаралық шебер бар. Ал B турнирінде 136 шахматшы өнер көрсетеді.

Қазақстан шахмат федерациясының атқарушы директоры Гүлмира Дәулетова жарысқа 5 құрылықты шахматшылары қатысып жатқанын атап өтті.

Турнирге қатысатын шазматшылар қатарында Антон Демченко (Словения), Александр Моисеенко (Украина), С.Сетураман (Үндістан), Сергей Тивяков (Нидерланды) сынды атақты гроссмейстер бар.

«Алаң иелерінің» арасында жас гроссмейстер Денис Махнёв пен Qatar Masters Open туринирінде Магнус Карлсенді ұтқан Әлішер Сулейменовті атап өткен жөн.

Мамандар үлкен үміт артып отырған жас шахматшылар да көп – турнир олар үшін тамаша дайындық болмақ.

Турнирдің ашылу салтанатында Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов бұл шараның Республика күні қарсаңында өтіп жатқанын, бұл оның маңызын арттыра түсетінін айтты.

Шараның басты серіктесі – «Фридом» брокерлік компаниясы.

Бұған дейін Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған дарынды шахматшылар «Шахмат керуенінің» жартылай финалдық кезеңінде бақ сынап жатқанын жазғанбыз. Керуен Көкшетау, Петропавл, Қостанай, Қарағанды ​​және Павлодар қалаларынан өтіп, еліміздің шығысы мен оңтүстік-шығысына – Семей, Өскемен, Талдықорған және Қонаев қалаларына ат басын бұрды.