Микроқаржылық ұйымдар мен борышкердің салық ауыртпашылығы уақытша төмендетіледі. Бұл туралы ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті хабарлады.
Атап айтқанда, микроқаржылық ұйымдар үшін борышкерге қойылатын талаптың мөлшері азайтылған кезде пайда болатын провизиялар (резервтер) мөлшерін төмендету бойынша салықтық жеңілдік енгізілмекші.
«Салық кодексіне микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын тұлғаларға (ломбардтарды қоспағанда) қатысты өзгертулер олардың салық салу ерекшеліктерін ескере отырып енгізілген және толықтай салық салудан босатуды көздемейді. Қазіргі уақытта корпоративтік табыс салығы бойынша салықтық міндеттемелерді есептеу кезінде мұндай ұйымдар берілген микронесиелерді қайтармаумен байланысты залалдарды шегерімге жатқызады», делінген хабарламада.
Бұл ретте аталған микронесиелерді кешірген жағдайда микроқаржылық ұйым корпоративтік табыс салығын есептеу кезінде бұрын шегерімге жатқызылған сомаларды кірісіне қосады.
«Халықтың несиелер бойынша проблемалық берешектерін азайту мақсатында Заң жобасымен корпоративтік табыс салығын есептеу кезінде қарызды кешіруден туындаған кірісті, бірақ тек 0,2 коэффициент мөлшерінде және тек борышкерге қойылатын талапты азайтқан жағдайда танымауды көздейтін уақытша, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап 2027 жылдың 1 қаңтарына дейін алып қою қарастырылған», деп хабарлайды комиетет.
Микроқаржылық ұйым жеке тұлғаның микронесие бойынша қарызын кешірген кезде мұндай тұлғада кіріс пайда болады. Заң жобасымен салық салу мақсатында коллекторлық агенттік мемлекеттік бажды төлеу нәтижесінде алған табысын қоса алғандағы мұндай кірісті жеке тұлғаның кірісі ретінде қарастырмау көзделеді.
Еске сала кетсек, жұма күнгі парламенттік тыңдауда ҚНРДА басшысы Мәдина Әбілқасымова Микроқаржы секторында проблемалық қарыз көлемі 180%-ға ұлғайып 100 млрд теңгеге жуықтағанын мәлімдеді. Жалпы елімізде жеке тұлғалар алған несиенің жалпы көлемі 18 трлн теңгені, ал қарыз алушылардың саны 8 миллионнан астам адамды құрайды.
ҚНРДА басшысы проблемалық қарыз алушылардың мәселесін шешу міндеті қазір қаржы институттарына жүктелгенін айтты. Олар 1,449 миллион проблемалық қарыз алушымен жұмыс жоспарын дайындапты. Бұл жұмыста кейінгі жылдары еш төленбеген проблемалық несиені баланстан шығару мүмкіндігі қарастырылған. Әбілқасымова мұны қаржы ұйымдары өз қаражаты есебінен жүзеге асыратынын атап өтті.
ҚНРДА басшысы сонымен бірге азаматтардың борыш жүктемесінің шамадан тыс өсуін шектеу және тұтынушылық кредит берудегі тәуекелдерді барынша азайту үшін агенттік кешенді іс-шараларды жүзеге асырып жатқанын айтты.
«Бірінші кезекте басымдық – банктер мен микроқаржы ұйымдары тарапынан тұтынушылық кредиттерді шамадан тыс беруді шектеу мәселесіне беріледі. Кепілсіз тұтынушылық кредиттер бойынша орташа борыш жыл басынан бері 913 мың теңгеден 1 млн теңгеге дейін өсті. Тұтынушылық кредиттердің шамадан тыс өсуін азайту үшін Агенттік тұтынушылық кредиттің ең жоғары сомасына заңнамалық деңгейде шектеу енгізуді ұсынады. Бұдан басқа ірі сомадағы тұтынушылық қарыздарды беруді шектеу үшін тәуекел-саралаудың жоғары коэффициенттері белгіленетін болады», деді ол.
Парламенттік тыңдау барысында Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі, депутат Берік Бейсенғалиев Проблемалық қарыздың негізгі көзі микроқаржы ұйымдары екенін айтты.
«Микроқаржы ұйымдарының проблемалық кредиттерінің өсуінің негізгі себептерін атап өтсек олар – жоғары пайыздық мөлшерлеме, борыш жүктемесі коэффициентінің талаптарын сақтамау, тәуекелдердің нашар бағалануы, либералды реттеу. Бүгінгі таңда екінші деңгейдегі банктердегі жеке тұлғалардың кредиттері бойынша ағымдағы пайыздық мөлшері 56%-ға дейін, ал микроқаржы ұйымдарында – 146-дан 339%-ға дейін жетеді», дейді депутат.