Жаңалықтар

Саны 2 млн-ға жуықтаған киікті атуға берілген рұқсат мерзімі 15 қарашаға дейін созылады

сайгаки
Киікті ату мерзімі 15 қарашаға дейін созылады Фото: shutterstock

1 қазан мен 15 қараша аралығында киікті атуға рұқсат берілді. Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті дайындаған құжат «Ашық НҚА» порталында талқыланып жатыр.

Аң аулау қағидаларына қатысты дайындалған 11-қосымшаға түсіндірме жазбада киікті сақтау бойынша қабылданған шаралардың нәтижесінде олардың саны 1,9 млн дараққа дейін жеткені жазылған. Ал олардың еліміз бойынша оңтайлы саны 770 мыңға дейін болса, жеткілікті екен. Солайша белгіленген нормадан асып кеткені себепті билік бұл жануарлардың санын азайтуды көздеп отыр.

«Қазақстанның биоалуантүрлілігін сақтау қауымдастығы әзірлеген биологиялық негіздемеге сәйкес, жыныс құрамы мен мекендеу ортасына қарамастан, киікті аулау мерзімін 1 қазаннан 15 қарашаға дейін белгілеу ұсынылды. Бұдан бөлек, борсық, жанат тектес ит, гималай ұлары, кекiлiкке, қырғауылға қатысты аң аулауды өткізу мерзімдерін осы бұйрықтың орыс тіліндегі мерзімдермен сәйкес келтіру қажет», делінген құжатта.

Еске салак кетсек, алғашқыда үкімет киікті «қарал» тәсілімен қоршауға алып сою арқылы азайтылатынын мәлімдеген болатын. Бірақ Оралда ақбөкенді атуға рұқсат 4200 теңгеге сатылып жатыр деген ақпарат тарады. ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев соңғы уақытта жаңбыр жиі жауып, ауа-райының қолайсыздығына байланысты қарал тәсілін жүзеге асыру қиындап кеткені себепті, аулауға рұқсат етілгенін айтты.

Жалпы, осы науқанды дайындаған кезде екі тәсіл қарастырылды. Біріншісі – қарал тәсілімен тор құру арқылы ұсталып, бауыздалып, комбинаттарға жеткізіледі. Екіншісі – түн ішінде ату тәсілі. Біз алғашқыда қарал тәсілімен азайту науқанын бастаған болатынбыз. Бірақ соңғы екі аптада жаңбыр көбейіп, бұл тәсілді қолдануда біраз қиыншылықтар туындады. Сол себепті биологиялық негіздемеде көрсетілген екінші тәсілді де қолдануға шешім қабылдадық. Бүгінде бұл жұмыстар тоқтап тұр. Өйткені оған біраз дайындық қажет болып жатыр. Киік аңшылыққа арналған жануар», деді.

Мамандар осы күзде елдегі ақбөкен саны 2,6 миллионға жетеді деп болжанған. Бұлайша популяцияның өсуі өңірлердегі шаруаларды шығынға ұшыратып, жайылымдық жерлердің тапшылығын тудыруы мүмкін. Осы жылдың өзінде ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметі бойынша, Қостанай, Қарағанды, Ақмола, Ақтөбе, БҚО өңірлерінде шамамен 122 мың га егіс алқаптарына 12 млрд теңге көлемінде шығын келген. 

Ал ауланған ақбөкеннің шикі еті қала базарларына да шығуы мүмкін. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Рүстем Зұлқашевтың айтуынша, кәсіпорындар ауысымына 1000-ға дейін мал союға дайын. Осылайша, екі айдың ішінде кәсіпорындар 120 мың бас ақбөкеннің етін өндіріске жібере алады.