«Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистральдық газ құбырының екінші желісін салу бойынша техникалық-экономикалық негіздеме әзірленіп жатыр. Ол 2024 жылғы 2-тоқсанда дайын болуы тиіс. Бұл туралы Премьер-министр Әлихан Смайыловтың Сенат депутаттарына берген жауабында жазылған.
«Бұл ретте өткен жылыту кезеңінде ББШ МГҚ өзінің жобалық мүмкіндігінен артық жұмыс істеп, 106 пайызға жүктелгенін атап өткен жөн. «QazaqGaz» ҰК» АҚ қуатын кеңейту мақсатында аяқталу мерзімі – 2024 жылғы 2-тоқсанға белгіленген ББШ МГҚ 2-желісін салу бойынша техникалық-экономикалық негіздеме әзірленуде», – делінген құжатта.
Премьер-министрдің жауабында үкімет елді газдандыруға ерекше назар аударатыны атап өтілген. 2018 жылдан бастап бөлінетін қаражат көлемі 4 есе артып, биыл 73,9 млрд теңгені құраған. Оның 52,4 млрд теңгесі «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистральдық газ құбырынан газбен қамтамасыз етілетін оңтүстік және орталық өңірлерге тиесілі, 2023 жылы нақты Түркістан облысын 28 газбен жабдықтау жобасын іске асыруға 8 млрд теңге бөлінген. Екінші желісін 2027 жылға қарай аяқтау жоспарланған.
«ББШ МГҚ негізгі артериясының шектеулі қуаты жағдайында 2024 – 2026 жылдарға арналған республикалық бюджетті қалыптастыру кезінде бірінші кезекте басталған жобаларды аяқтауға және магистральдық газ құбырларын жаңғыртуға басымдық берілген.Жоғарыда баяндалғанның негізінде ескере отырып, қосымша қаражат бөлу мәселесі еліміздің газ тасымалдау жүйесінің техникалық мүмкіндіктері ескеріле отырып қарастырылатын болады», – дейді Ә.Смайылов.
Бұған дейін QazaqGaz Басқарма төрағасының орынбасары Арман Қасенов «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырының екінші желісінің өткізу қабілеті жылына 15 млрд текше метр газды құратынын хабарлаған, Оны 2026-2027 жылдарға дейін іске қосу жоспарланған.
QazaqGaz басшысы Санжар Жаркешов Президентке берген есебінде «Бейнеу – Бозой – Шымкент магистральды газ құбырының екінші желісіне қатысты жобаның жүзеге асырылу барысын баяндап, сонда компания басшысы 450 мыңға жуық тұрғын табиғи газға қол жеткізгенін айтқан.
Қазір Қазақстан сұйытылған мұнай газын автокөлікпен экспорттауға 3 жылға, ал теміржол көлігімен әкетуге 6 айға тыйым салды.
Қазақстан газ қоры бойынша әлемде 22-ші, ТМД елдері арасында Ресей мен Түрікменстаннан кейін 3-ші орында тұр. Барланған газ қорларының шамамен 98%-ы Қазақстанның батысында, бұл ретте 87%-ы ірі мұнай-газ және мұнай-газ конденсаты кен орындарында шоғырланған. Елімізде негізінен ілеспе мұнай газы өндіріледі. Бұл өндірілетін газдың 80%-ын Қарашығанақ, Қашаған, Теңіз және Жаңажол жобаларына тиесілі.
Қазақстанда өндірілетін газ қоры 3,8 триллион текше метрге тең. QazaqGaz Басқарма төрағасының орынбасары Арман Қасенов еліміздегі газ қоры 100 жылдан астам уақытқа жетеді деп мәлімдеген.
Сонымен қатар, QazaqGaz сайтында жариялаған мәліметке сүйенсек, ресурстқы базаны кеңейту үшін «Газ кен орындарының Амангелді тобын игеру» және «Қарағанды көмір бассейнінің көмір қабатының метанын өндіру инвестициялық жобалары қолға алынған.