Жаңалықтар

Қазақстандықтар 2009 жылдан бері 20%-ға көбейіп, халқы біршама жасарған, 15 жасқа дейінгі балалар саны 30%-ға жуық

Қазақстан халқы жасарды / коллаж: kursiv.media

2009 жылы өткен санақтан бері Қазақстан халқы 20%-ға өсті әрі 15 жасқа дейінгі балалар саны да артты. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы хабарлады. Сонымен қатар бюро еліміздегі халықтың қоныстануы, гендерлік құрылымы мен жас ерекшелігіне қатысты да ақпараттар жария етті.

2009 жылдан бері халық саны 20% өсті. Тиісінше, 2021 жылғы 1 қыркүйектегі санақ қорытындысы бойынша халық саны 19 186 015 адамды құраған.

Үш өңірде халық саны 2 млн адамнан асты. Алматы облысы – 2 146 576, Түркістан облысы – 2 054 021 және Алматы қаласы – 2 030 285.

Санақ аралық кезеңде халқы ең көп өскен Астана қаласы – 2 есе, 613 мыңнан 1 234 мың адамға дейін, Шымкент қаласында 1,5 есе, 730 мыңнан 1 112,4 мың адамға дейін және Маңғыстау облысында 485 мыңнан 735 мың адамға дейін.

Урбанизацияның әлемдік тренді Қазақстанда да байқалады Санақ қорытындысы бойынша қала тұрғындарының үлесі 5 пайыздық тармаққа өсті, 56,1%-дан 61,2% дейін. Тиісінше, ауыл халқының үлесі 43,9%-дан 38,8% дейін азайды. Қала халқының саны 2,7 млн-нан астам адамға артты.

2009 бен 2021 жылдар аралығында қала халқының ең жоғары өсімі еліміздің 6 өңірінде – Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан облыстарында байқалды.

Ең урбанизацияланған аймақ – Қарағанды облысы, онда халықтың 80% қала тұрғындары (1 млн-нан астам адам). Республикалық маңызы бар қалалар бойынша, санақ кезінде Астанада 1,23 млн адам тұрды, елорда халқы 12 жылда 2 есе өсті. Алматыда халық саны 2,03 млн адамды құрады, мегаполис тұрғындарының саны 580,6 мың адамға артты. Шымкент қаласының халқы 1,1 млн тұрғынды құрап, 381,6 мың адамға өсті.

Гендерлік құрылым өзгеріссіз қалды Қазақстандағы әйелдер саны ерлерге қарағанда көп, 2021 жылғы санақ қорытындысы бойынша олардың саны жарты миллионға (536,3 мың адамға) артық болды. Пайызбен айтсақ, ерлер үлесі – 48,6% (9 324 840 адам), әйелдердікі – 51,4% (9 861 175 адам).

Алдыңғы санақпен салыстырғанда ерлер саны 1,6 млн, әйелдер саны 1,5 млн артты. Қазақстанда 1000 әйелге 946 ерден келеді. Бұл ретте ерлердің әйелдерге қарағанда арақатынасы тек екі өңірде – Қызылорда және Түркістан облыстарында көп, онда 1000 әйелге сәйкесінше 1006 және 1027 ер адамнан келеді.

Қазақстандықтар – жас ұлт Қазақстандықтардың орташа жасы салыстырмалы түрде жас болып келеді. 2009 жылғы санақпен салыстырғанда орташа жас 31-ден 32 жасқа дейін өсті. Санақ аралығындағы кезеңде 0-ден 15 жасқа дейінгі балалар саны айтарлықтай өсті.

15 жасқа дейінгі балалардың үлесі 2009 жылы сол кездегі халықтың жалпы санының 24,1% (3,9 млн адам) құраса, соңғы санақ қорытындысы бойынша олардың үлесі 29,4% (5,6 млн адам) болды. 65 жастан асқан егде жастағы халықтың үлесі де өсті. 2009-бен салыстырғанда 2021 жылы олардың үлесі 7,1%-дан 8,2% дейін өсті (1,6 млн адам).

Өңірлер арасында балалар саны бойынша Түркістан облысы, 90 жастан асқан қариялар саны бойынша ШҚО көш бастап тұр.