Ұлттық банк төрағасы: базалық мөлшерлемені бірден төмендетуге болмайды
Жоғары базалық мөлшерлеме инфляцияның төмендеуіне әсер етті. Бұл ретте қолданыстағы 16% мөлшерлеме өте қажет және оны төмендету мүмкін емес. Бұл туралы мәжілісте Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов айтты.
Ол реттеуші орган ретінде Ұлттық банк тауар нарығына қолма қол ақшаны көп мөлшерде жібермеуге міндетті екенін айтты.
«16% базалық мөлшерлемеге келсек, ол инфляцияны төмендетіп, өз мақсатына жетті деп ойлаймын. Өткен жылдың қорытындысында мөлшерлеме 21%-дан астам болса, қазір, бүгін таңертеңгі статистикада 10,8% құрайды», – деді Сүлейменов депутаттардың 2026 жылға қарай инфляцияның 5%-ға дейін төмендеуіне қандай факторлар әсер етуі мүмкін және 16% базалық мөлшерлеме инфляцияны қаншалықты тежейді деген сұрақтарына жауап бере отырып.
Ол Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың жұмысы және Ұлттық Банктің қатаң ақша-несие саясаты өз жемісін бере бастағанын атап өтті.
«16 пайыздық мөлшерлемені сақтау қазір неге маңызды? Және оны неліктен күрт төмендетуге болмайды деген сұрақтарға келсек. Инфляция – жеке тауарлардың қымбаттауы ғана емес, бұл экономикадағы жалпы баға өсуі. Ақша бар, бірақ оны жұмсауға болатын тауарлар болмаса, бұл жалпы азық-түліктен бастап, жылжымайтын мүлік, автомобиль және көптеген тауарлардың бағасының өсуіне әсер етеді. Сондықтан Ұлттық банк нарыққа артық ақша жібермеуге міндетті», – деп атап өтті Сүлейменов.
Ол дәл осы мақсатта базалық мөлшерлеме керек екенін және Ұлттық банк осы жұмыспен айналысатынын айтты. Яғни егер мөлшерлеме күрт төмендесе, үкіметтің нотасына деген банктер қызығушылығы төмендейді де, бұл ақша «валютаға немесе тұтыну нарығына» кетеді.
«Сондықтан ақшалай массаны тежеу үшін біз мөлшерлемені төмендететін боламыз. Бірақ біз бұған ақырын жылжуымыз керек», деді Ұлттық банк басшысы.
Бұған қоса, ол премьер-министр Әлихан Смайыловтың «инфляцияны 10%, тіпті одан төмен қылуға мүмкіндік бар» деген ойымен келісетінін айтты.
Айта кетейік, 6 қазан күні Қазақстан Ұлттық банкінің базалық мөлшерлеменің деңгейі туралы кезекті шешімі жарияланды.
Ұлттық Банкінің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/– 1 п.т. дәлізімен жылдық 16%-ға дейін төмендету туралы шешім қабылдады.
Сонымен қатар, Ұлттық банктің түсіндіруінше, базалық мөлшерлеменің 0,50 пайыздық тармаққа бірден төмендеуінің өзіндік себебі бар.
«Инфляцияның белсенді баяулауы базалық мөлшерлемені төмендету мүмкіндігін іске асыруға септігін тигізді. Дегенмен, сыртқы секторда және экономика ішінде проинфляциялық тәуекелдер болуына байланысты 2023 жылы оны одан әрі төмендету мүмкіндігі айтарлықтай шектеліп отыр. Жыл соңына дейін ақша-кредит саясатын жеңілдету жылдық инфляция бір мәнді деңгейге дейін баяулаған жағдайда қаралатын болады», деп хабарлады бұл туралы Ұлттық банктің баспасөз қызметі.
Базалық мөлшерлемеге қатысты шешімді Ұлттық банктің ақша-кредит саясаты комитеті бекітілген шешім қабылдау кестесіне сәйкес жылына 8 рет қабылдайды.