Жаңалықтар

Қашағанда өндіріс тоқтай ма: NCOC пен Экология және табиғи ресурстар министрлігі жауап берді

1 қараша Қашағанда өндіріс тоқтай ма / фото: архив kursiv.media

Қашағанда мұнай өндіретін, кен орнының операторы North Caspian Operating Company (NCOC) мен Экология және табиғи ресурстар министрлігі kursiv.media тілшісінің Қашағанда 1 қарашадан бастап өндіріс тоқтауы мүмкін деген ақпараттың рас-өтірігіне қатысты сауалына жауап берді.

Экология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметі «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.» филиалына 2023 жылға (қараша – желтоқсан) экологиялық әсерге рұқсат беруге қатысты анықтама деген тақырыппен ұсынған жазбаша жауабында:

«Экологиялық реттеу және бақылау комитетіне 25.08.2023 жылы № KZ01RXX00035693 «Солтүстік Каспиан Оперейтинг компаниясы Н.В.» филиалынан 2023 (қараша – желтоқсан) және 2024 жылдарға «I санаттағы объектілерге әсер етуге экологиялық рұқсат беру» мемлекеттік қызметін алуға өтініш келіп түсті. Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің м. а. 2021 жылғы 9 тамыздағы № 319 «Экологиялық рұқсаттарды беру, қоршаған ортаға әсері туралы декларацияны ұсыну қағидаларын, сондай-ақ әсерге экологиялық рұқсат бланкілерінің нысандарын және оларды толтыру тәртібін бекіту туралы» бұйрығына сәйкес I санаттағы объектілер үшін әсерге экологиялық рұқсат беру «электрондық үкіметтің» веб-порталы www.egov.kz арқылы көрсетіледі. 29.09.2023 жылы жоба бойынша дәлелді ескертулер берілді. 13.10.2023 жылға дейін (10 жұмыс күні ішінде) Компания материалдарды порталға толықтыру жолымен ескертулерге жауап беруге тиіс болды. Мемлекеттік қызметті аяқтау мерзімі 30.10.2023 ж. Мемлекеттік қызметтің өндірістегі сот процестеріне қатысы жоқ», – деді.

Осы арқылы Экология және табиғи ресурстар министрлігі Қашағанда 1 қарашада өндіріс тоқтамайтынын жеткізді.

Министрліктің баспасөз қызметі мемлекеттік қызметтің өндірістегі сот процесіне, яғни ел билігінің Қашаған кен орны операторынан 2,3 трлн теңге талап етуіне қатысы жоқ екенін түсіндірді.

«Бұл мүлдем басқа іс. Оның мемлекеттік қызмет көрсетуге қатысы жоқ. Бұл 2022 жылғы қызмет нәтижесіне қатысты іс», – деді.

NCOC сыртқы қарым-қатынастар бөлімі Экология және табиғи ресурстар министрлігі NCOC-тан қоршаған ортаны қорғау талаптарын бұзғаны үшін $5,14 млрд талап етті. Мәселе қалай шешіліп жатыр деген сұраққа:

«ҚР мемлекеттік органдары NCOC компаниясының нысандарында экологиялық тексеру жүргізді. Операторда күкірт сақтауға қатысты айыппұлдар туралы ақпарат жоқ», – деп жауап берді.

Министрлік мәлімдегендей, NCOC рұқсат етілген мөлшерден 2 есе артық күкірт сақтап отыр ма деген сауалға компанияның сыртқы қарым-қатынастар бөлімі:

«NCOC компаниясы күкіртке қатысты жұмыстарды ұйымдастыру қызметін жауапкершілікпен және ҚР заңнамасына сәйкес, сондай-ақ қолданыстағы стандарттар мен үздік тәжірибеге сай іске асырады», – деген жауап ұсынды.

Мәселе қалай шешіліп жатыр деген сұраққа сыртқы қарым-қатынастар бөлімі:

«NCOC компаниясы СКӨБК шеңберіндегі оператор ретінде өз қызметінде Қазақстан Республикасының экологиялық рұқсат алуды талап ететін қолданыстағы заңнамасын сақтайды», – деген пікір білдірді.

Қашағанда 1 қарашадан бастап өндіріс толығымен тоқтауы мүмкін бе деген сұрақ та жауапсыз қалған жоқ. Сауалға сыртқы қарым-қатынастар бөлімі: «Қазіргі уақытта NCOC компаниясы экологиялық рұқсаттар алды және өндірістік операцияларын жалғастырып жатыр», – деп түсініктеме берді.

Астанада өткен баспасөз мәслихатында Қашағанда 1 қарашадан бастап өндіріс тоқтай ма деген сұраққа Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев те жауап берді.

«Бірнеше аспект бар. Энергетика министрлігі мен консорциум (NCOС) арасында жалғасып жатқан дау экологиялық шығарындыларға қатысты емес. Бұл – мердігердің өнімді бөлу және шығындыларды есепке алу туралы келісімнің шарттарын орындауына байланысты таза коммерциялық дау. Сан мәрте пікір білдірдім. Ол жерде шым-шытырық процесс жүріп жатыр. Алдын ала нәтижесі белгілі бола салысымен көпшілікке ақпарат береміз», – деді министр журналистерге.


А. Сәтқалиев министрлік пен консорциум арасындағы келіспеушілік Қашаған кен орнындағы күкірттің көлеміне қатысты туындап жатқанын еске салды.

«Соттардың тиісті шешімі бар. Кен орнындағы жұмыстың тоқтауына алып келетін ешқандай фактор жоқ. Оның үстіне мемлекеттік органдар тарапынан жұмысқа кедергі көріп тұрған жоқпын», – деді Энергетика министрі.

Көктемде Қазақстан Қашағанда кен өндіретін оператор NCOC консорциумына қоршаған ортаға тигізген залалы үшін 2,3 трлн теңге (5,1 млрд доллар) көлемінде айыппұл салу туралы шағым түсірді.

«ҚР Экология министрлігі North Caspian Operating Company (NCOC) компаниясын өндірістік нысанда рұқсат етілген шамадан екі еседен көп күкірт сақтағаны үшін айыптап отыр», – деп жазды Bloomberg.

NCOC консорциумы экологтардың 2,3 трлн теңге айыппұлын сот арқылы даулады.

«Бізде былтырғы тексеру қорытындысы бойынша айыппұл салынған. Олар экологтар шешіміне келіспейміз деп, сотқа шағым түсірді. Қашаған операторының талап-арызына қатысты Соттың алғашқы сатысында Экология министрлігінің шешімі күшінде қалды. Сот отырысының екінші бөлігі осы аптада өтеді», – деген сол кезде бұрынғы Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова.

Энергетика министрі А. Сәтқалиев Қазақстан Қарашығанақ пен Қашаған мұнай-газ кен орындарының операторлары – KPO мен NCOC компанияларын сотқа бергенде, пайда табуды көздемегенін мәлімдеді.

«Бұл дау қандай да мақсатты көздегеннен туындаған жоқ. Бұл жер қойнауын пайдалану туралы келісімге қатысушы тараптар арасындағы қазіргі қалыпты қарым-қатынас процесі, басқа ештеңе де емес», – деді А.Сәтқалиев.

Біршама уақыттан соң сот NCOC-тің шағымын ішінара қанағаттандырды. Экология және табиғи ресурстар министрлігі шешіммен келіспеді.

«NCOC шағымы ішінара қанағаттандырылды. Министрлік соттың шешіміне қарсы жоғары тұрған органға шағым жасайды», – деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі

Министр Ерлан Нысанбаев Экология және табиғи ресурстар министрлігі Қашаған кен орнының операторына 5,1 млрд доллар айыппұл салу мәселесін сотты айналып өтіп шешуді көздемейтінін жариялады.

«Бүгінде үкімет немесе мемлекеттік орган сот шешіміне еш ықпал ете алмайды. Қалай болғанда да, біз жергілікті және халықаралық сот шешімін күтеміз», – деді Е.Нысанбаев.

Өз кезегінде NCOC Қазақстанмен арада халықаралық арбитраж арқылы шешілуі мүмкін экологиялық дау бар екенін растады.

«Қазақстан Республикасы мен Солтүстік Каспий бойынша өнімді бөлу туралы келісімге қатысатын мердігер компаниялар арасында (KMG Kashagan B.V. компаниясын қоспағанда) келісімнің кейбір ережелерін қолдануға қатысты бірқатар даулы мәселелер бар. Келісімге сәйкес, бұл мәселе арбитражға жүгіну арқылы шешілуі керек», – деді NCOC.