Қаржы мониторингі агенттігі қаржы пирамидасын құрып, 425 адамды 523 млн теңге шығынға батырған күдіктіге қатысты істі аяқтап, сотқа жіберді. Бұл жайлы ҚМА баспасөз қызметі хабарлады.
«ҚМА Батыс Қазақстан облысы бойынша Департаменті «Chia Tai Tianging Pharmaceutical» қаржы пирамидасының Батыс Қазақстан, Ақтөбе және Атырау облыстары бойынша құрылымдық бөлімшесін ұйымдастырды деген күдіктіге қатысты істі аяқтап, сотқа жіберді, делінген хабарламада.
Күдікті азаматтар өздерін инвестициялық компания ретінде таныстырып, жоғары және тұрақты кірісті уәде еткен. Бұл ретте,«Chia Tai Tianging Pharmaceutical» жеке тұлғалардың ақшасын тартып, кәсіпкерлік қызметке пайдаланбай, оларды қатысушылар арасында қайта бөліп отырған.
Жалпы бұл қаржы пирамидасына 425 адам тартылып, 523 млн теңге сома ққұйған. Оның ішінде 490 млн теңгеге жуық қаражат құйған 411 азамат жәбірленуші деп танылған.
Осыған дейін агенттік «Chia Tai Pharmaceutical» қаржы пирамидасының 769 млн теңгеден асатын шығын келтіргенін хабарлаған болатын.
Еске сала кетсек, елде қаржы пирамидасынан зардап шеккендер аз емес. Былтыр 2021 жылмен салыстырғанда, қаржы пирамидалары туралы қылмыстық істер 3 есеге өсіп, 32-ден 72-ге дейін жеткен. Бұл жайлы ҚР қаржылық монторинг агенттігінің басқарма басшысы Өмірсерік Тажмағанбетов мәлімдеген еді.
ҚМА азаматтарды қырағы болуға және жинақтарын күмәнді қаржы институттарына салмауға шақырады. Қаражатын инвестициялағысы келетіндер компанияда қаржы пирамидасы белгісі бар-жоғын ҚМА телеграм ботынан тексере алады. Жыл басынан бері бұл ботқа 3511 өтініш түскен.
Сондай-ақ Қаржы мониторингі агенттігі қаржы пирамидасы ретінде әрекет етеді деген күдікке ілінген, сондай-ақ сот үкімі шыққан ұйымдардың тізімін жариялады. Тізімге кірген 22 ұйым арасында жарнамасы жер жарған Chia Tai Tianqing, Q-net, Incruises, QazHome бар.