Жаңалықтар

Энергетикалық ынтымақтастық: Қазақстан Францияның атом өнеркәсібімен ірі жобаларды жүзеге асыруға дайын

Фото: Үкімет үйі

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов пен Orano S. A. компаниясының бас операциялық директоры Николя Мас энергетика саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Үкімет үйі.

Кездесу барысында Үкімет басшысы Қазақстан мен Франция энергетика саласында байырғы стратегиялық әріптес екенін «Orano» компаниясымен 27 жылдан бері табысты жұмыс жасап келе жатқанын атап өтті.

«Orano – біздің осы бағыттағы маңызды және сенімді серіктесіміз. Компания Қазақстанда 27 жыл бойы табысты жұмыс істеп келеді. Бұл орайда, «КАТКО» бірлескен кәсіпорны – ұзақ мерзімді және өзара тиімді серіктестіктің дәлелі. Біз ынтымақтастықты одан әрі дамыту мүмкіндіктерін қарастыруға дайынбыз», деді Смайылов.

Ал Николас Мас Orano-ның Қазақстанмен өзара іс-қимылды кеңейтуге және жаңа жобаларды бірге жүзеге асыруға ниетті екенін жеткізді.

«Қазіргі уақытта бізге екі тараптан да өзара іс-қимылды кеңейтуге ықпал ете алатын ірі жобалар жетіспейді. Сол себепті бүгін мен қарым-қатынасымызды нақты жобалар негізінде жаңғыртуды ұсынғым келеді», деді ол. 

Сонымен қатар кездесуге ҚР Энергетика министрлігі, «Самұрық-Қазына» АҚ және «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының өкілдері қатысты.

Оrano S.A. – Францияның атом өнеркәсібінің ірі көшбасшы компаниясы. Қызметінің негізгі бағыттары атом энергетикасымен, яғни уран өндіру, өңдеу және байыту, ядролық отынды тасымалдау, радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу және т. б. байланысты.

Еске сала кетсек, Оrano осы күнге дейін дүниежүзі бойынша уранның шамамен 4%-ын өндіретін Нигер елінде жұмыс жасап келді. Алайда бұл елдегі төңкеріс нарықтағы қысымды арттырып, Орано компаниясының да жұмысы тұралап қалды. Сол себепті де Франция басқа бағыттарды іздестіре бастады.