Жаңалықтар

SPO KEGOC: Сұраныс ұсыныстан 1,5 есе асып түсті

SPO KEGOC аясында акцияларға сқраныс көп болды / shutterstock және wikimedia commons

SPO KEGOC шеңберінде компания 15 294 118 жай акцияны ұсынды. «Самұрық-Қазына» АҚ үлесі компания акцияларының жалпы санының кемінде 85 процентін құрайды.

Бір жай акцияның бағасы – 1482 теңгені құрады. Ал, 2023 жылы 2 қарашада Қазақстан қор биржасында (KASE) және «Астана» халықаралық қаржы орталығының биржасында (AIX) өткізілген KEGOC акцияларын қайта орналастыру- SPO бойынша қатысушы инвесторлардан өтінімдерді қабылдау аяқталды.

«Алдын ала шығарылған қорытындылар бойынша сұраныс ұсыныстан 1,5 есе асып түсті. SPO аясында KEGOC 15 294 118 жай акциясын ұсынды. Бір жай акцияның бағасы – 1482 теңге» делінген компания баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Ақпаратқа сәйкес, акцияларды инвесторлар арасында бөлу 2023 жылдың 7 қарашасында аяқталады. Айта кету керек, Қазақстан азаматтарының өтінімдері бірінші кезекте қанағаттандырылады. Одан кейін, басқа инвесторлардың өтінімдеріне кезек беріледі.

Компанияның мәлімдеуінде, бір инвесторда акциялардың көп шоғырлануына әкелуі ықтимал өтінімдер ішінара қанағаттандырылуы немесе қабылданбауы мүмкін.

«9 қарашада акциялар инвесторлардың тиісті шоттарына аударылады. AIX алаңында қайталама сауда-саттықтың басталуы 2023 жылғы 10 қарашаға жоспарланған», делінген хабарламада.

Айта кету керек, KEGOC жай акцияларының 7,5%-ына иелік ететін БЖЗҚ ұлттық оператор өткізген SPO аясында акцияларды артықшылықпен сатып алу құқығын пайдаланбаған. Бұл туралы «Самұрық-Қазына» қорының даму және жекешелендіру жөніндегі басқарушы директор Салтанат Сәтжан мәлімдеді. Ал қаржы сарапшылары компания акциялары 27 пайыз өсім көрстуі ықтимал дейді.

«Ол (KEGOC акционерлерінің акцияларды артықшылықпен сатып алу құқығы – Курсив) 27 қазанда аяқталды. Олар (БЖЗҚ – курсив) бірінші бас тарту құқығын пайдаланбады (KEGOC АҚ акцияларының SPO-сы барысында – Курсив)», – деді ол «Самұрық-Қазына» қоғамдық кеңесінің отырысында тиісті сұраққа жауап бере отырып.

Оның айтуынша, мемлекеттік холдинг KEGOC акцияларын сатып алғандардың басым бөлігі жеке инвесторлар болады деп болжап отыр.