Қазақстан Қытайға жылына 11 млрд текше метрге дейін газ экспорттайды. Бұл жайлы ҚР Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев айтты.
«Қазір біз жылына 11 миллиард текше метр көлем туралы айтып отырмыз, бірақ бұл көлем біздің мүмкіндіктерге қарай реттелетін болады, газ Қазақстан-Қытай газ құбырының бағыттары бойынша экспортталатын болады», – деді министр Алматыда өткен брифингте журналистердің сұрағына жауап беріп отырып.
Бұған дейін Энергетика министрлігінің басшысы қазақстандық QazaqGaz бен қытайлық Petrochina арасында жасалған келісімшартта қазақстандық газ экспортын жылына 10 миллиард текше метрге дейін экспорттау мүмкіндігі қарастырылғанын хабарлаған болатын.
17 қазанда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға сапары аясында QazaqGaz және PetroChina International 2023-2026 жылдарға арналған жаңа газ экспорттау келісімшартына қол қойған болатын.
Сонымен бірге QazaqGaz Қытайдың Geo-Jade Petroleum компаниясы Қазақстандағы «Придорожное» газ кен орнын бірлесіп игереді. Бұл келісімге де Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға ресми сапары аясында қол қойылған болатын.«Придорожное» кен орнын бірлесіп игеру арқылы екі тарап газ өндірісін жолға қоюды жоспарлап отыр. Жобалау жұмыстары 2024 жылы басталуы тиіс.
QazaqGaz – «Самұрық-Қазына» мемлекеттік қорының портфельдік компаниясы. Компания магистральдық газ құбырлары мен газ тарату желілері арқылы тауарлық газды тасымалдаудың орталықтандырылған инфрақұрылымын басқарады және халықаралық транзитпен қамтамасыз етіп, газды ішкі және сыртқы нарықтарда сатады.
Қазақстан 2030 жылға қарай ілеспе газ өндіру көлемін 87,1 млрд текше метрге жеткізбек. Бұл туралы «Ірі мұнай-газ және мұнай-газ химиясы жобаларын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекіту туралы қаулысында жазылған.
Биыл QazaqGaz жалғыз акционері – «Самұрық-Қазынаға» дивиденд ретінде 27,1 млрд теңге немесе 2022 жыл қорытындысы бойынша алынған таза пайданың 7%-ын төлеген. 2022 жылы бойынша QazaqGaz 386,6 млрд теңге таза пайда тапқан. Таза табысының қалған бөлігі – 359,6 млрд теңге, компанияның иелігінде қалды.
Сондай-ақ QazaqGaz копаниясы 2025 жылы IPO-ға шығуды жоспарлап отыр.