Жаңалықтар

350 мың теңге: Қазақстандағы орташа айлық жалақы белгілі болды

Фото: kursiv.media

Биыл ІІІ тоқсанда еліміздегі орташа айлық жалақы 350 542 теңгені құрады. Ұлттық статистика бюросының дерегі бойынша, бұл көрсеткіш 2022 жылдың ІІІ тоқсанымен салыстырғанда 16,9% артық.

Ал медиандық мәндегі жалақы мөлшері 230 мың теңгенің айналасында. Былтыр ІІІ тоқсандағы медиандық жалақы 197,5 мың теңге болған.

«Қазақстан Республикасындағы жалақының медианалық мәні бағалау бойынша 2023 жылдың III тоқсанында 230 924 теңгені құрады», делінген ҰСБ ақпаратында.

Былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 16,9 пайыз өскенімен, 2023 жылдың ІІ тоқсанындағы көрсеткіштен 4,1%-ға азайып, нақты жалақы индексі 94,3% құраған.

Қай өңірде жалақы жақсы?

Өңірлік бөліністе 2022 жылдың тиісті тоқсанымен салыстырғанда 2023 жылдың III тоқсанында орташа айлық атаулы жалақы ең жақсы өскен облыстар: Жетісу облысында – 21,1%, Алматы қаласында – 20,8%, Қызылорда облысында – 20,7%. Ең төменгі өсім Алматы облысы (8,5%) және Солтүстік Қазақстан облысына (11,3%) тиесілі.

Ең жоғары жалақы алатын өңір – Атырау облысы. Бұл өңірдегі орташа айлық атаулы жалақы – 612 мың теңге. Ал ең төменгі жалақы Түркістан облысында тіркелген. Бұл өңірдің тұрғындары орта есеппен 248,9 мың теңге алады екен.

Дереккөз: ҰСБ

Жалақысы жоғары қай сала?

2022 жылдың тиісті тоқсанымен салыстырғанда орташа айлық жалақы мына салаларда өскен:

  • ақпарат және байланыс – 28,8%,
  • қаржы және сақтандыру қызметі – 24,9%,
  • өнер, ойын-сауық және демалыс – 20,7%,
  • көлік және жинақтау – 20,3%.
  • Өнеркәсіп – 18,6%-ға,
  • денсаулық сақтау және халыққа әлеуметтік қызмет көрсету саласы – 18,2%.

2022 жылдың тиісті тоқсанымен салыстырғанда орташа айлық атаулы жалақы ауыл, орман және балық шаруашылығы (7,6%) және білім беру (11%) саласында аз ғана өскен.

Салалық құрылымда ең жоғары жалақы – тау-кен өндіру өнеркәсібі және карьерлерді қазу саласында. Бұл салалардағы жалақы орташа республикалық деңгейден 2,2 есе жоғары. Ал қаржы және сақтандыру қызметінде – 1,9 есе, ақпарат және байланыста – 1,5 есе, кәсіби, ғылыми және техникалық қызметте – тиісінше 1,5 есе жоғары болып тіркелді.

Ең төменгі жалақыны өнер, ойын-сауық және демалыс саласының қызметкерлері алады: айына 226,5 мың теңге. Ауыл, орман және балық шаруашылығы мамандарының жалақысы – 236,6 мың теңге йналасында. Сумен жабдықтау, қалдықтарды жинау, өңдеу және кәдеге жарату саласындағы жалақы айына 239,2 мың теңгені құрайды. Білім беру саласында – 247,4 мың теңге.

2023 жылғы 1 қаңтардан бастап еліміде ең төменгі жалақы 70000 теңге мөлшерінде белгіленді. Ол 1,8 млн-нан астам жалдамалы жұмыскердің кірісіне әсер етті.

Ал 2024 жылдан бастап ең төменгі еңбекақы 85 мың теңге болады.  Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында жасаған Жолдауында мәлім етті.

Айта кетерлігі, елімізде ерлер мен әйелдер арасындағы жалақы айырмашылығы айтарлықтай. Finprom.kz сайтының дерегінше, ол 33,7% құрайды. 2022 жылы ерлердің жалақысы орташа есеппен 355,3 мың теңге, бір жылда 26,3% көбейген, әйелдердікі — 265,8 мың теңге, 20,7% көбейген.

2023 жылдың III тоқсанының соңында 55 860 бос жұмыс орны болған. Өткен тоқсанмен салыстырғанда 1 396 бірлікке өсті. Оның ішінде салалық құрылымда 28,8% өнеркәсіптегі бос орынды құрайды, 18,7% – мемлекеттік басқару және қорғаныс; міндетті элеуметтік қамсыздандырудағы және 12,5% – көлік және жинақтаудағы бос орындар.

Өңірлер арасында бос орындар саны бойынша Алматы қаласы – 12 809 , Астана қаласы – 7 542, сондай–ақ Павлодар облысы – 4 732 және Қарағанды облысы – 3 842 бірлік көш бастап тұр.