Жаңалықтар

Назарбаев қоры қайтыс болған кеншілердің отбасына 50 млн теңгеге қаржылай көмек көрсетпек

Назарбаев қоры Костенко шахтасында опат болған кенішілердің отбасына көмек береді / shutterstock, reutersconnect

Нұрсұлтан Назарбаев Қарағанды облысы Костенко атындағы шахтада қайтыс болған кеншілердің отбасына қаржылау көмек көрсетуді тапсырда.

Экс-президент атындағы қордың Facebook парақшасында жарияланған ақпаратқа сәйкес, кеншілерді отбасына көмек ретінде жалпы соммасы 50 млн теңге бөлінеді.

«Костенко атындағы шахтада болған қайғылы жағдайды аса ауыр қабылдаған Тұңғыш президент қайтыс болған кеншілердің отбасына тікелей көмекке Нұрсұлтан Назарбаев қорынан 50 млн теңге бөлуді тапсырды», – делінген хабарламада.

Айта кетейік, Нұрсұлтан Назарбаевтың Қарағанды облысында болған апатқа көңіл айтқаны туралы ақпарат тараған жоқ. Осыған дейінгі оқыс оқиғалар кезінде Назарбаев көңіл айтқаны туралы хабарлама тарайтын Nazarbayev.kz сайтында да ешбір ақпарат берілмеді. Ондағы соңғы хабарлама 11 маусым күні Абай облысында ауқымды өрт салдарынан қайтыс болған орманшылардың отбасына көңіл айту хаты болған.

Еске салайық, 28 қазанда түнгі сағат 2-ден 36 минут кеткенде «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Көмір департаментінің Костенко атындағы шахтасында тереңдігі 700 метрде өрт шығып, кейіннен метан-ауа қоспасы жарылды. 

Авария кезінде ауысымда 252 кенші болды, оның 201-і өздігінен көтеріліп, 5-і тау-кен құтқару күштерімен табылып, 46 азамат қайтыс болды.

Қайғылы оқиғадан кейін «АрселорМитталдың» Қазақстанға қалай келгені туралы, Карметті қалай иеленгені туралы талқылаулар болды. Бұл орайда, бұрынғы президенттің аты да аталып өтті.