ҚазМұнайГаздың компаниялар тобы 2023 жылдың 9 айында 17,5 млн тонна мұнай мен конденсат өндірген. Бұл жайлы ҚМГ-ның баспасөз қызметі хабарлады.
«Биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша «ҚазМұнайГаз» компаниялар тобы 17 млн 508 мың тонна мұнай және конденсат өндірді», делінген хабарламада.
Сонымен бірге баспасөз қызметі компаияның өз қызметінде энергияны үнемдеу саясатын ұстанатынын, өндірістік процестерді оңтайландыруға және жақсартуға, сондай-ақ үнемі мұнай өндіру коэффициентін арттыруға ұмтылатынын мәлімдеген.
Мәселен, «ҚазМұнайГаз» соңғы 6 жылда шикі газды жағу көлемін 89%-ға қысқартқан. 2017 жылдары компания 315,8 млн текше метр шикі газды жағатын болған. 2023 жылдың 8 айында небәрі 14 млн текше метр газ жанған. Солайша компания мұнай қалдықтарын тиімді пайдаланып, 2022 жылдың қорытындысы бойынша шикі газды тиімді пайдалану көрсеткіші 98,8% құраған.
Компанияның 2023 жылғы бірінші тоқсандағы басты өндірістік көрсеткіштері де нәтижелі болған. Бұл кезеңде мұнай мен газ конденсатын өндіру көлемі 8,7%-ға артып, 5 961 мың тоннаға жетсе, мұнай тасымалдау көлемі 3,0%-ға ұлғайып, 18 858 мың тоннаны құраған. Ал Қазақстандық және румындық МӨЗ-де көмірсутек шикізатын өңдеу көлемі 8,1%-ға артып, 4 936 мың тоннаға жеткен.