Қазақстан банктері цифрлар туралы әңгімені доғарып, адамдар мен әлеуметтік жауапкершілік және қоршаған орта туралы айта бастады. Бұл туралы Алматыда өткен конференцияда S&P Global Ratings халықаралық сараптама агенттігі өкілі Сергей Вороненко айтты.
«Соңғы кездері әлемдік тенденцияға сай, Қазақстан банктерінің басшылары нарықтағы өсім мен табыс туралы аз айтып, оның орнына тұрақты даму немесе әлеуметтік жауапкершілік немесе корпоративті басқару туралы сөз қозғайтын болды», – деді Сергей Вороненко.
Агенттіктің ақпаратына сүйенсек, 2018 жылы дами бастаған онлайн-банкинг жүйесі бірнеше жыл құлдырауға ұшырап, пандемия кезінде шарықтау шегіне жеткен. Қазақстандық банктер 2020 жылы экономикалық тәуекелдерге мән бермей, онлайн-банкингті дамытуды қолға алған.
Сарапшының айтуынша, онлайн-банкинг жүйесінің дамуы арқасында 6 банк жетекші орынға шыққан. Ол Kaspi компаниялар тобының жетекші орында қалып келе жатқанын айтып, онымен бәсекеге түсу қиын болатынын айтты.
«Соңғы жылда Kaspi компаниялар тобы Қазақстан банк секторындағы табыс комиссиясының 60% алды. Басқа банктерге Kaspi-мен бәсекеге түсу қаншалықты қиын болса, Kaspi-ге өз орнын сақтап қалу соншалықты қиын болады», – дейді Сергей Вороненко.
Агенттік елдегі жетекші банктерге қосымша бәсекелестерді күтуі қажет екенін айтты. Себебі қазір ресми банк болып тіркелмеген ұйымдар тіркеуден өтуге талпынып жатыр. Әзірге олардың нарықтағы рөлі үлкен емес. Алайда алдағы жылы лицензия алған жағдайда олар бірінші кезекте бөлшек несиелеу алаңында қосымша бәсекелестік тудырады.
Сарапшы әлеуметтік жауапкершілік пен цифрландыру банк секторындағы негізгі бәсекелестік құралы болып отырғанын айтады. Ол корпоративті сегмент бағытында жұмыс істейтін әрі цифрландыру жағынан артта қалған банктер қысқа мерзімді даму кезеңінде бәсекелестік қабілетінен айырылатынын айта кетті.
Осыған дейін Қазақстан банктерінің жылдың алғашқы тоғыз айындағы табысы 2022-ші жылдағы көрсеткіштен асып түскенін жазған едік.
Соңғы екі жылда Қазақстан банктерінде несие алу операциялары депозит алудан екі есе көп болған.
Қазақстан азаматтарының 75 пайызының жабылмаған тұтынушылық несиесі бар.