Қазақстан халқының 75 пайызында жабылмаған тұтынушылық несие бар – S&P Global Ratings

Жарияланды
Шығарушы редактор

Фото: kursiv.media

Қазақстан азаматтарының 75 пайызының жабылмаған тутынушылық несиесі бар. Бұл туралы S&P Global Ratings халықаралық агенттігінің сарапшылары жыл сайынғы конференция барысында мәлімдеді.

«S&P Global Ratings «Қаржы институттары» бағытының директоры Сергей Вороненконың айтуынша, қарыз жүктемесінің негізгі үлесі – үш мегаполис еншісінде. Бұл ретте Вороненко борыштың аймақтық тұрғыда да, жалпы халық арасында да бөлінісі біркелкі емес дейді.

«Біз аймақтардық қарызы өте үлкен екенін байқап отырмыз. Біріншіден, бұл Алматы, Астана және Шымкент сынды ірі мегаполистер. Бұл қисынды да. Алайда жалпы борыш деңгейі бұрынғы деңгейде сақталып отырғанын атап өткіміз келеді. Үй шаруашылықтары жалпы қарызының ЖІӨ-дегі үлесі орташа болса да (шамамен 13 пайыз), табысы төмен халықтың қарызды көптеп алуы банк секторына алдағы уақытта қиындық тудыруы мүмкін. Оған қоса, пайыздық мөлшерлеменің біршама төмендеуі үй шаруашылықтары қарызының одан әрі өсуіне әкелуі ықтимал», – деді ол.

Сондай-ақ, S&P шолуына сәйкес, 2024 жылы Қазақстанда бөлшек несиенің өсімі баяулауы мүмкін. Тұрғын үй қарызына деген сұраныстың азаюы және бөлшек сауда сегментіндегі реттеудің күшеюі ипотека және кепілсіз тұтынушылық несие көлемінің төмендеуіне ықпал етпек.

«Соңғы екі жылда қазақстандық екінші деңгейлі банктерде ипотекалық несие беру күрт өсті. Алайда оның қарқыны 2023-2024 жылдары орта есеппен 2020-2021 жылдардағы 38-47%-дан – 12-15%-ға дейін төмендейді деп болжаймыз. Ұзақ мерзімді болашақта кейінгі бірнеше жылда байқалған құрылымдық өзгерістер есебінен тәуекел құны орташа есеппен 1% шамасында тұрақтануы мүмкін», – деп есептейді агенттік.

S&P агенттігі болашақта қаржы нарығындағы бәсекелестік артады деген болжам жасап отыр. Өйткені алдағы екі жылда цифрлық инфрақұрылымы дамыған қаржы институттарының табысы артады. Олардың кірісінің басым бөлігін комиссиялық табыс құрап, сондай-ақ банктік емес қызметтен түсетін табыс үлесі де көбеймек.

Қазіргі кезде Қазақстандағы жеке тұлғалар алған несиенің жалпы көлемі 18 трлн теңгені, ал қарыз алушылардың саны 8 миллион адамды құрайды. 

ҚНРДА басшысы Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, тұтынушылық кредит беру сегментінде соңғы 3 жылда өсім байқалған.

«Ұлттық банктің дерегіне сәйкес, 2021 жылдан бастап кепілсіз тұтынушылық кредиттердің орташа жылдық өсуі 33%-ды құрады. Соңғы 8 айда тұтынушылық кредит портфелі 9,2 трлн теңгеден асты», – деді М. Әбілқасымова.

Соның ішінде проблемалық қарыз деңгейі де өсіп, бұл көрсеткіш 5,2%-ға жетіп, 0,5 трлн теңгеден асқан.

«Мерзімі өткен кредиті бар қарыз алушылар саны 516 мың адамды немесе жалпы қарыз алушылар санының 7%-ын құрады», – деді М. Әбілқасымова.

 Осы 18,1 трлн теңге несиенің тең жартысы тұтынушылық кепілсіз несиеге тиесілі. Ал микроқаржы ұйымдары проблемалық қарыздардың 48%-ын коллекторлық компанияларға сатып жіберген. 2022 жылғы тамыздан бері проблемалық қарызды коллекторлық компанияларға жаппай сату есебінен микроқаржы ұйымдары іс жүзінде өз несие портфелін «жасанды түрде» 2 есеге жақсартып алған.

Осы ретте ҚНРДА ірі сомада тұтынушылық кредит беруге шектеу қоюды ұсынып отыр.

Сондай-ақ оқыңыз