«Болашақ» бағдарламасы эммиграция құралына айналып кетті: депутат Халықаралық бағдарламалар орталығының жұмысын сынға алды

Жарияланды (жаңартылды )
Фото: kursiv.media

«Болашақ» бағдарламасы эммиграция құралына айналып кетті, деді Сенат отырысында депутат Андрей Лукин. Ол осы мәселені қозғап ҚР премьер-министрі Әлихан Смайыловқа сауал жолдады.

Ол «Болашақ» бағдарламасының іске асырылу барысына жетекшілік ететін Халықаралық бағдарламалар орталығының жұмысын сынға алды. Депутаттың пікірінше, Орталықта қаржы мониторингі жүйесі тиісті деңгейде құрылмаған. Бұл өз кезегінде гранттарды ұтымсыз пайдалануға, сондай-ақ, қаражаттың жымқырылуына әкеп соғады.

«Өткен кезеңде шетелдің жоғары оқу орындарында 15 мыңнан астам стипендиат «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқыған. Оның 12 мыңға жуығынан арнайы мамандар даярланды. Тиісінше, соңғы 12 жылда бұл мақсаттарға 200 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінген. Алайда, орталық жұмысының дұрыс ұйымдастырылмауы мен Ғылым және жоғары білім министрлігі тарапынан тиісті үйлестірудің болмауы салдарынан мамандардың шетелде біліктілігін арттыру үшін бөлінген қаражат ұтымды пайдаланылмай отыр. Ұрлық фактілері де жоқ емес», деді Лукин.

Депутат орталықты негізсіз бюджеттік шығындарға жол беріп жатыр деп айыптады. Атап айтқанда, стипендиаттардың мемлекет жұмсалған қаражатты жұмыспен өтеуі тиісті қадағаланбайды. Яғни, орталықта бюджет қаражатын өтеу тетігі жоқ.

«Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындағанда үміткерлерге ережеге сәйкес, оқуды аяқтап келген соң, өз мамандығы бойынша үздіксіз жұмыс жүргізу талабы қойылады. Бірақ «Болашақ» бағдарламасының кейбір түлектері Қазақстан Республикасының қаражатты өтеуге қатысты бұл талаптарын бұзған. Мұндай мыңдаған фактілер белгілі. Осылайша, іс жүзінде олардың жұмыс істеуіне бақылау жүргізу формальды ғана болып қалған»,- дейді депутат.

Сонымен қатар Лукин орталықтың стипендиаттардың кепілге алынған мүлкін заңсыз кепілден алу фактілері тіркелгенін айтты. Орталықтың бұрынғы басшылары өз міндеттемерін орындамаған стипендиаттардан міндеттемелерді орынсыз алып тастағанын айтады.

«340 стипендиясынан айырылған және 60 стипендиядан бас тартқан адамдардың мемлекетке қарызы 6,5 млрд теңгені құрайды. Бұл ақшаны мемлекетке қайтару шараларын орталық ұзаққа созып жіберген. Оған орталықтағы істейтін адамдардың әрекетсіздігі себеп. Орталық талай сотта мерзімінің өтіп кетуіне байланысты жеңілген», деді депутат.

Ол сонымен бірге шетелдік университеттердің тізімін жасауда реттілік жоқ екенін, кейде Қазақстан ЖОО-ларында көп дайындалатын мамандықтар бойынша студенттердің шетелге жіберіліп жататынын айтты.

«Бұл жоба эммиграция құралына айналып кетті. Өйткені бүгінде шетелде «Болашақ» бағдарламасымен оқуға кеткен 270-тен астам стипендиаттар қалып қойып отыр. Бұл бағдарлама мамандарды шетелде даярлауда тиімді деп айтпас едім. Бұған стратегиялық құжаттардың жоқтығы себеп», деп қорытындылады депутат.

Сондай-ақ оқыңыз