Жаңалықтар

Күдікті Бишімбаев 8 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін

Это изображение имеет пустой атрибут alt; его имя файла - 13-2-1-1024x576.jpg
Фото: kursiv.media

Бишімбаев күдікті деп саналатын істі полиция адам өлтіру фактісі бойынша қарастырып жатыр. Бұл жайлы Астана полициясының әлеуметтік желідегі парақшасында хабарланған.

«Елордалық полиция департаменті Астанадағы мейрамханалардың бірінде әйелдің өліміне қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 1-бөлігі бойынша тиісті тергеу жұмыстарын жүргізуде»,- делінген хабарламада.

Қылмыстық кодекстің 99-бабы, 1 бөлігінде «адам өлтiру, яғни басқа адамды құқыққа қарсы қасақана қазаға ұшырату – сегіз жылдан он бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланатындығы» айтылған аталған Кодекстің 99-бабында.

Еске сала кетсек, бейсенбі күні кешке қарай экс-министр Бишімбаевтың әйелін өлтірді деген күдікпен ұсталғаны туралы ақпарат тарады. Ішкі істер министрлігі оның ұсталғанын растады.

Көпшілік бұл қайғылы оқиғаға соттың әділетсіздігін кінәлады. Желі қолданушылары Қуандық Бишімбаев заң бойынша өзіне тиесілі мерзімін толық отырып шыққанда, бұл әділетсіздік болмайтынын айтып жатты.

Шымкент соты экс-министрдің қандай жағдайда бостандыққа шыққанын түсіндірді. Шымкент сотының мәліметіне сәйкес, 2018 жылғы 14 наурыздағы үкімімен Қ.Бишімбаев 10 жылға бас бостандығынан айырылған. Алайда мемлекет басшысының (ол кезде президент Назарбаев) 2019 жылғы 13 ақпандағы Жарлығымен Қ.Бишімбаевқа рақымшылық жасалып, жазасы 10 жылдан 4 жылға дейін қысқартылған. Осыдан соң Бишімбаев жазасын шартты түрде өтеу туралы өтініш білдірген. Нәтижесінде өтелмеген 1 жыл 3 ай 13 күні шартты түрдегі жазаға ауыстырылып, босатылған.

Марқұмның есімі Салтанат Нукенова. Ол небары 31 жаста болған. Ресми ақпаратқа сәйкес, әйел мейрамханада алған жарақаты салдарынан тіл тартпай кеткен.

2017 жылдың қаңтарында Бишімбаев холдинг директоры болғанда Қызылорда қаласында салынуы керек болған әйнек зауытының құрылысы кезінде мердігер компаниядан ірі көлемде пара алды және «Бәйтерек» холдингінен ірі көлемде ақша жымқырып, қылмыстық топ құрды деген айыппен ұсталған.