Заңгер Анна Чернова өз парақшасында Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдады. Ол Қуандықт Бишімбаевтың 10 жылдық жазасын 4 жылға қысқарту туралы Назарбаевтың жасаған рақымшылығының күшін Президенттің шешімімен жоюға болады деп санайды.
«Көпшілік Бишімбаевтың қандай жағдайда бостандыққа ерте шыққанын түсінген секілді. Сот оны кінәлі деп тауып, 10 жылға сотталған болатын. Біраз уақыт өткен соң Бишімбаев рақымшылық етуін сұрап, өтініш білдірген. Президент оның өтінішін қанағаттандырып, жазасын 10 жылдан 4 жылға дейін қысқартып, рақымшылық жасау туралы Жарлық шығарды. Содан кейін сот оны шартты түрде бостандыққа шығарған»,- деп жазады заңгер.
Заңгердің айтуынша, президенттің кешірім жасау туралы жарлығы Қазақстан Республикасы президентінің жанындағы Рақымшылық жасау мәселелері жөніндегі комиссиясының шешімі негізінде шығарылады. Ережелерге сәйкес бұл комиссия алдымен сотталған адамның өтінішін қарайды, содан кейін оң немесе теріс шешімін шығарып, Президентке жолдайды. Содан кейін ғана президент рақымшылық жасау туралы өтінішті қарайды.
«Негізінен комиссия оң шешім шығаруы үшін арнайы ережелер мен шарттар бар. Яғни оң шешім шығару үшін бір өтініш жеткіліксіз. Тиісті құжаттарды да тапсыру қажет. Біз бұл қандай құжаттар екенін білмейміз, сондықтан бұл сұрақты әзірше қоя тұрайық. Енді қоғамды әбден алаңдатып отырған басты сауалға жауап берсем деймін. Көпшілік «Президент Жарлығының күшін жоюға бола ма?» деп сұрап жатыр. Құқықтық актілерді зерделей келе, Президент Жарлығының күшін Президенттің өзі жоя алатынын анықтадым»,- дейді.
Чернова оған дәлел ретінде Конституциялық заңның 24-бабын келтіреді.
«Қазақстан Республикасының Президенті туралы» Конституциялық заңға сәйкес, 24-бапта Республика Президентінің жарлықтарының күшін жою Республика Президентінің жарлықтарымен жүзеге асырылады» деп көрсетілген. Бәлкім, біз қателесіп отырған шығармыз. Алайда рақымшылық туралы Жарлықтың күшін Президентіміз жоюы мүмкін. Егер Бишімбаев 2028 жылға дейін түрмеде отырған болса, онда бұл қайғылы оқиғаға жол берілмес еді», дей келе заңгер Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтан заңды негіздер мен тетіктер бар болса, Президенттің 2019 жылғы 13 ақпандағы Қ.Бишімбаевқа рақымшылық жасау туралы Жарлығының күшін жоюды сұраған.
Естеріңізге сала кетейік, 11 қарашада кешке қарай экс-министр Бишімбаевтың әйелін өлтірді деген күдікпен ұсталғаны туралы ақпарат тарады. Ішкі істер министрлігі оның ұсталғанын растады.
Шымкент соты Қуандық Бишімбаевтың 10 жыл жазасын өтемей, шығып кетуіне қандай жағдайлар себеп болғанын түсіндіріп берді. Шымкент сотының мәліметіне сәйкес, 2018 жылғы 14 наурыздағы үкімімен Қ.Бишімбаев 10 жылға бас бостандығынан айырылған. Алайда мемлекет басшысының (ол кезде президент Назарбаев) 2019 жылғы 13 ақпандағы Жарлығымен Қ.Бишімбаевқа рақымшылық жасалып, жазасы 10 жылдан 4 жылға дейін қысқартылған. Осыдан соң Бишімбаев жазасын шартты түрде өтеу туралы өтініш білдірген. Нәтижесінде өтелмеген 1 жыл 3 ай 13 күні шартты түрдегі жазаға ауыстырылып, босатылған.
Көпшілік бұл қайғылы оқиғаға соттың әділетсіздігін кінәлады. Желі қолданушылары Қуандық Бишімбаев заң бойынша өзіне тиесілі мерзімін толық отырып шыққанда, бұл әділетсіздік болмайтынын айтып жатты.
Саясаттанушы Шалқар Нұрсейіт бұл кейс күдіктіні соттаумен ғана шектелмеуі тиіс екенін айтты.