Жаңалықтар

Жыл басынан бері Ұлттық қордан республикалық бюджетке 3,7 трлн теңге трансферт бөлінген

Ұлттық қорға түскен түсімдердің барлығы 3,6 трлн теңгені құраған / Фото: kursiv.media

Қазақстанда жылдық инфляция 10,8%-ға дейін баяулады. Бұл жайлы Үкімет отырысында ҚРҰБ Төрағасының орынбасары Данияр Вагапов айтты.

«Жылдық инфляция 10,8%-ға дейін баяулады.Дегенмен, бағаның өсуі екі таңбалы мәнде қалып отыр. Айлық инфляция өткен айдың деңгейінен және таргеттен жоғары қалыптасып, 0,7% құрады. Бұл инфляцияға қарсы саясатты одан әрі жалғастыруды талап етеді.  

Банк өкілінің айтуынша жылдық инфляция баяулағанына қарамастан, айлық және базалық инфляция таргеттен жоғары деңгейде қалып қойғанын айтады. Мәселен, азық-түлік тауарлары құрылымында қазан айында жұмыртқа, нан, жарма, қант және тәттілер, жаңа піскен жемістер мен ет бағасы өскен. Ал ірімшіктің, жаңа піскен көкөністер мен күнбағыс майының бағасы арзандаған.

«Азық-түлік инфляциясы жылдық мәнде 10,4%-ға дейін баяулады. Ал оның айлық мәні өткен айдағы 0,3%-дан 0,5%-ға дейін қарқын алды. Қазан айында азық-түлікке жатпайтын инфляция жылдық мәнде 11,1%-ға дейін баяулады. Айлық мәнде өсім 0,8%-ды құрады», –дейді Вагапов.  

Қазан айында азық-түлікке жатпайтын өнімдер: аудиовизуалды жабдықтар, отын, дәрі-дәрмек пен медициналық жабдықтар, киім-кешек пен аяқ киім бағасы өссе, тұрмыстық заттардың, жуу және тазалау құралдарының бағасы керісінше түскен.

Қазан айында ақылы қызметтер инфляциясы жылдық мәнде 11% -ды құрап, айлық инфляциясы 0,8% болған. Ақылы қызметтер арасында тұрғын үйді жалға беру қызметінің, шаштараз бен жеке қызмет көрсететін мекемелердің, қоғамдық тамақтану, тұрғын үй-коммуналдық қызметтерінің бағасы көтерілген.

Банк өкілі теңге бағамына да тоқталып өтті. Оның айтуынша, жыл басынан бері теңге бағамы 1 АҚШ доллары үшін 469,64 теңгеге жетіп, 1,5%-ға әлсіреген. Ол теңгенің әлсіреуіне бірқатар сыртқы және ішкі фактор әсер еткенін айтады.

«Біріншіден, бұл – доллардың жаһандық нығаюы. Оған АҚШ-тың Федералды резервтік жүйесінің қатаң ақша-кредит саясаты әсер етіп отыр. Екіншіден, импорттаушылар тарапынан маусымдық сұраныстың артуы. Оған жобаларды іске асыру және бюджет қаражатын игеру циклінің жандануы мен басқа да факторлар ықпал етуде»,дейді Данияр Вагапов.

Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансфертті қамтамасыз ету аясында валюта сату арқылы теңгеге қолдау көрсетілген. Осылайша жыл басынан бері 7,5 млрд доллар сатылған. Ал қазан айында бұл көрсеткіш 1,5 млрд долларды құраған.

«Жалпы халықаралық резервтер қазан айының соңында 90,3 млрд АҚШ долларын құрады. Ұлттық Банктің алтын-валюта резервтері жыл басынан 34 млрд АҚШ долларына дейін 3,1%-ға төмендеді. Бұл Ұлттық Банктің валюталық шоттарындағы екінші деңгейлі банктер қаражатының азаюына байланысты болған. Оған Қаржы министрлігінің міндеттемелерін төлеу мақсатында алтын-валюта резервтерін конвертациялау да себеп болды», – дейді ол.

Жыл басынан қорға түскен түсімдердің барлығы 3,6 трлн теңгені құраса, Ұлттық қордан республикалық бюджетке бөлінген трансферттер 3,7 трлн болған.