Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қордан балаларға қаржы төлеу туралы заңға қол қойды.
«Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан балаларға арналған қаражатты есептеу, төлеу және пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңына қол қойды», – делінген Ақорда хабарламасында.
Яғни 2024 жылы 1 қаңтарда Қазақстанда «Ұлттық қор – балаларға» жобасы іске қосылады. Жобаға сәйкес, Ұлттық қордың жылдық табысының 50%-ы арнайы шотқа жіберіледі. Бұл шоттағы ақшаны балалар тек кәмелеттік жасқа толғанда ғана ала алады. Ақшаны алу үшін ата-аналарға шот ашудың қажеті жоқ. Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков жобаға қатысуға 9 банк өтініш бергенін, олардың барлығы арқылы ақша алу мүмкіндігі болатынын айтқан еді.
Ақшаны балалар шешіп алғанға дейін ол доллармен сақталып, Ұлттық қор шешімімен инвестицияланып, табыс әкеліп отыруға тиіс. Жоба аясында алған қаржыны оқу ақысын төлеуге немесе тұрғын үй алуға жұмсауға болады. Ата-аналар баласының шотына түсетін қаржыны БЖЗҚ немесе еGov арқылы тексеріп отыра алады.
Алдын ала болжам бойынша, 2024 жылы 18 жасқа толатын азаматтар бір жыл үшін $160–170 алады. Ал биыл дүниеге келген балалар 18 жасқа толғанда, $3,5 мың алуы мүмкін.
Жобаны президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған болатын. 18 қарашада парламент заңды қабылдап, президентке жіберген. 2024 жылы 18 жасқа толатын балалар «Ұлттық қор – балаларға» жобасынан қаржыны 1 ақпаннан кейін ала алады.