Отбасы банкі төрағасы Ләззат Ибрагимова жаңа жеңілдетілген ипотекалық бағдарлама талқыға түсіп жатқаны туралы айтты.
Журналистердің «9-20-25» бағдарламасы жайлы сұрағына жауап берген Ләззат Ибрагимова: «Бұл бағдарлама әлі басталған жоқ. Ешқандай лимиті жоқ. Бұл бағдарлама біздің жоспарымызда тұр», – деді.
Отбасы банкі төрағасы «Қазақстан халқының саны 20 миллионға жетуіне» орай өткен брифингте жаңа ипотекалық бағдарлама туралы толық ақпарат 2024 жылы жария болатынына тоқталып:
«Жас отбасылардан кезекке тұра алмаймыз, біздің 4 баламыз жоқ. Біз үшін арнайы бағдарлама жасасаңыздар деген көп өтініш келеді. Біздің жоспарымыз туралы желіде ақпарат тарап кетіпті. Егер ол бағдарлама іске қосылса, 2024 жылы ресми ақпарат береміз»,– деді.
Сонымен қатар, осы отырыста банк басшысы 20 миллионыншы қазақстандық болып тіркелген 5 сәбидің әрқайсына Отбасы банкі атынан 2 млн теңге сертификаты табысталатынын айтып өтті. Сыйлық сертификатын қолдануға сәбилердің отбасына 3 ай уақыт беріледі.
16 қарашада президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқының саны 20 миллионға жеткенін айтқан.
Осыған дейін Қазақстанда «9-20-25» қосылуы мүмкін екенін және бағдарламаның қандай ерекшелігі бар екенін жазған едік.