Жаңалықтар

Жаңа Салық кодексінде қымбат мүлікке салық салу тәсілдері зерделеніп жатыр – Қуантыров

primeminister.kz

Қосымша құн салығы көтерілсе, салық төлеушілердің 5,5%-на ғана тікелей әсер етуі мүмкін. Бұл жайлы ҰЭМ басшысы Әлібек Қуантыров жаңа Салық кодексі жобасының негізгі тәсілдерін Шетелдік инвесторлар кеңесінің жұмыс тобына таныстыру барысында айтты.

Жиын барысында қосылған құн салығын 12%-дан 16%-ға дейін көтеру, жоғары табысты салалар үшін корпоративтік табыс салығы ставкаларына қатысты мәселелер талқыланды. Сонымен бірге жалақы бойынша жеке табыс салығы мөлшерлемесін ұлғайтылатыны, ол үшін 2 сатылы мөлшерлемелер шкаласы қарастырылып отырғаны айтылды. Оған сәйкес, жылына 40 млн теңгеге дейінгі жалақы үшін 10% көлемінде мөлшерлеме сақталады. Ал егер табыс осы сомадан асып кетсе, салық мөлшерлемесі 15%-ға көтеріледі.

«Барлық тәсілдер салық төлеушінің қызметін жеңілдетуге бағытталған. Жаңа Салық кодексі тұрақты, қарапайым және қолдануға ыңғайлы болады. Инфляцияға айтарлықтай қысым болмайды. Керісінше, бұл қазақстандық тауарлардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, тиісінше бағаны тұрақтандыруға мүмкіндік береді. Қазақстанда ҚҚС өсімі салық төлеушілердің тек 5,5%-на ғана тікелей әсер етеді. Оның ішінде 17,5 трлн теңгеге жалпы өнім өндіретін 40%-ы ҚҚС төлемейді», – деді министр.

Сондай-ақ, «сән-салтанат» заттарына қосымша акциздер, оның ішінде қымбат алкоголь және темекі өнімдеріне құнының 10% мөлшерінде акциздер енгізу мәселесі де талқыланды. ҰЭМ мәлімдеуінше, жаңа Салық кодексінде қымбат мүлікке салық салудың жаңа тәсілдері зерделеніп жатыр.

17 қазанда Сенатта өткен Үкімет сағатында Қуантыров жаңа салық кодексінің тәуекелдері бар екенін, соның бірі инфляциялық қысым екенін атап өткен болатын.

«Бірнеше тәуекел бар. Бірақ ол тәуекелдер төмен. Соның бірі – инфляциялық қысым. Біздің есептеуіміз бойынша, тек бір жылда 1%-дық тармаққа дейін инфляция қысымы болады«, – деген болатын министр.

Сонымен бірге жиында сән-салтанат салығы да талқыланды. Сән-салтанат салығы негізінен импорттық қымбат мүлікке салынатыны айтылды.