Жаңалықтар

Qazaq Air Новосибирскіге қайта ұша бастайды

QAZAQ AIR
Qazaq Air Новосибирскіге қайта ұша бастайды / Qazaq Air

Желтоқсан айынан бастап, Qazaq Air компаниясы Ресейдің Новосибирск қаласына қайта рейс ашады. Мәскеуде өткен көлік апталығында екі елдің Көлік министрлері өзара келісімге келген.

«Тараптар екі ел арасындағы әуе қатынасы саласындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейту мәселелерін талқылады. Екіжақты кездесудің қорытындысы бойынша Qazaq Air әуе көліктерінің Новосибирск қаласына қайта ұша бастауы туралы келісімге келді», – деп хабарлайды Азаматтық авиация комитеті.

Желтоқсан айынан бастап аталған әуе компаниясы Астана–Новосибирск бағыты бойынша аптасына 5 рейс және Өскемен–Новосибирск бағыты бойынша аптасына 2 рейс жасайтын болды.

Айта кетейік, 2022 жылдың 30 қазанында Ресей әуе кеңістігі басшылығы Астана-Новосибирск және Өскемен-Новосибирск бағытын уақытша тоқтатып, Qazaq Air компаниясына бұл бағытта ұшуға рұқсат бермеген.

2022 жылдың 12 наурызында Qazaq Air Ресей әуе кеңістігінде жолаушылар ұшағының қауіпсіздігін сақтандыруда қиындықтар туындағаннан кейін рейсті тоқтатып, бірақ 13 наурызда қайта жандандырған.

2022 жылдың 24 ақпанында Ресей Украина аумағына басып кіріп, толыққанды соғыс бастады. Ресей мен Украина әуе кеңістігінде ракеталардың ұшуына байланысты екі елдің әуе кеңістігінде ұшу қауіпті болғандықтан, көптеген компания Ресейге ұшуды тоқтатты.