Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ұлытау әкімі Берік Әбідғалиұлынан журналистер «Қазақмыс» кеншілерінің қауіпсіздігі жайлы сұрады.
«Тамыз айында кеншілер ереуілі болды. Олар еңбек жағдайын жақсартуды сұрады. Сіз әкім ретінде осы жағдайды қадағалап отырсыз ба?»,– деп сұрады журналист. Әкім кеншілер көтерген барлық талап ескерілгенін, олардың жалақы көтеру жөніндегі талаптарын компанияның орындап жатқанын айтты.
«Ол жерде 15 шақты талап қойылды. Жұмысшылардың көтеріп отырған мәселелерін толық шешуге болады. «Қазақмыс» мүмкіндігінше оларды шешуге тырысып жатыр. Жалақы көтерілді. Жалпы, жалақы мөлшерінен біз Қазақстан бойынша мұнайлы аймақтардан кейін 3-орында тұрмыз. Мұның өзі сол «Қазақмыс» корпорациясының есебінен болып отыр. Олар үнемі жалақыны көтеріп отырады. Бұл, әрине, жақсы үрдіс. Десе де, оның өзінің теріс салдары бар. Бір салада жалақының көтерілуі бағалардың да өсуіне ықпал етпей қоймайды», – деді әкім.
Журналист жалақыдан бөлек еңбек жағдайын, жұмысшылардың қауіпсіздігі жайлы сұрады. Бұл жағдайды реттемесе, тура Қарағанды облысындағы жағдай қайталануы мүмкін екенін айтқан журналист:
«Кеншілер еңбек жағдайын жақсартуды сұрады. Менің сізден сұрайын дегенім, сіз әкім ретінде «Қазақмыстың» шахтерлердің еңбек жағдайын жақсартуына қандай жағдай жасап жатқанын қадағалап отырсыз ба? Олардың қауіпсіздігіне әкім ретінде кепілдік бере аласыз ба?», – деп сұрады.
Берік Әбдіғалиұлы толық кепілдік бере алмаса да, заң құзыреттілігі шеңберінде кепілдік бере алатынын, негізінен қауіпсіздікке бірінші кезекте компания мүдделі екенін алға тартты.
«Еңбек инспекциясы өз құзыреттілігі шеңберінде қадағалау жүргізеді. Біз сол инспекция арқылы олардың қаншалықты заң талаптарына сай жұмыс істеп жатқанын қадағалаймыз. Сол себепті мен заң шеңберінде кепілдік бере аламын. Компанияның еңбек талаптарын сақтауын әкімдікпен қатар прокуратура, Төтенше жағдайлар министрлігі, Өндірістік қауіпсіздік департменті өз бақылауында ұстайды. Бұл орайда, негізгі жауапкершілік «Қазақмыстың» өзіне жүктеледі. Компания өзіне қойылған міндеттемелерді толық орындап жатыр. «АрселорМитталдағы» жағдайдың қайталанбауына компанияның өзі мүдделі»,– деді Берік Әбдіғалиұлы.
Әкім қанша кепілдік берсе де, компанияға тиесілі шахтада жазатайым оқиғалар жиі болып тұрады. Мәселен, «Қазақмыс» компаниясына қарасты Шығыс Жезқазған кенішінің №57 шахтасында 6 қараша күні ғана бір жұмысшы қаза тапқан болатын.
«Жұмысты орындау кезінде 1984 жылғы тау кен шебері өлімге әкелетін жарақат алды. «Қазақмыс» компаниясының басшылығы мен еңбек ұжымы марқұмның туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтады», – деп хабарлаған болатын компанияның баспасөз қызметі.
«Қазақмыс» тобына қарасты Ұлытау облысындағы Жыланды кенішінде биылғы жылдың 26 қазанында да жазатайым оқиға тіркелген. Салдарынан 6 адам зардап шекті.
Жалпы кеншілер еңбек жағдайына қатысты бірнеше рет ереуіл ұйымдастырды. Сондай ереуілдің бірі 13 тамызда түнгі ауысымға шыққан Сәтбаев қаласындағы №65 шахтасында болды. 100-ге жуық кенші еңбек жағдайын жақсартуды, жұмысшылардың бір жылдық еңбегін еңбек өтілінде бір жарым жылмен санауды, ескі тау-кен жабдықтарын ауаны тазалайтын кондиционері бар жаңа жабдыққа ауыстыруды, жұмысшылар қабылдауды, шахталарда жұмысшылардың не себепті тапшы екенін түсіндіруді талап еткен. Талаптардың арасында жақында қайтыс болған шахтер Ербосыновтың орнына оның ұлын жұмысқа алу талабы да бар. Ереуілдеушілер сонымен бірге ауыр жағдайда жұмыс істейтін қызметкерлердің демалыс күндерін 48 күннен 54 күнге дейін арттыру мәселесін көтеріп және ерікті медициналық сақтандыру шарттарын қайта қарауды сұраған. Сондай-ақ кеншілердің төл мерекесінде 100 мың теңге көлемінде сыйақы төлеуді енгізіп, кеншілер күнін тойлаудан бас тартуды талап еткен болатын.