Жаңалықтар

2027 жылға дейін Ұлытау облысына 1,4 трлн теңге инвестиция тартылады – Берік Әбдіғалиұлы

Ұлытау облысына алдағы 5 жылда 1,4 трлн теңге инвестиция тартылады / Фото: ОКҚ

2027 жылға қарай Ұлытау облысына 1,4 трлн теңге инвестиция тартылады. Бұл жайлы Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.

«Облыс экономикасына 247 млрд теңге тартылды. Кешенді жоспардың орындалуы тұрақты бақылауда. 2027 жылға қарай экономикаға 1,4 трлн теңге, оның ішінде 1,2 трлн теңге жеке инвестициялар тартылатын болады. Экономиканың өнеркәсіптік секторына тоқталсақ, тазартылған мыс өндірісінде шамалы төмендеудің болуына қарамастан, ағаш бұйымдары өндірісінің 5,5 есе, тоқыма бұйымдары 2 есе, сусындар 2,5 есе, электр жабдықтары өндірісінің 2,6 есе өсуі байқалады», – деді облыс әкімі.

Әкімнің айтуынша, 2024 жылға арналған бюджет жобасы 146 млрд теңге көлемінде қалыптастырылған.

«Салық базасын кеңейту және республикалық бюджеттен трансферттерді тарту арқылы көрсеткіштер бастапқы бекітілген бюджетпен салыстырғанда 28%-ға өсті. Бұл ретте жыл басынан бері кірістер 36 млрд теңгеден 46,5 млрд теңгеге дейін ұлғайды. Облыстық бюджет қаражатынан басқа бюджеттік бағдарламалардың әкімшілік қаражаты есебінен облыс аумағына биыл қосымша 10 млрд теңгеге, келесі жылы қосымша 80 млрд теңгеге жобаларды іске асырамыз. 2024 жылға арналған бюджет жобасы 146 млрд теңге көлемінде қалыптастырылды», – деді ол.

Сонымен қатар облыс басшысы өңірде тұрғын үйді пайдалануға беру 54%-ға артқанына тоқталып өтті. Ал негізгі капиталға инвестициялар 22%-ға, көлік пен сауда көлемі 4%-ға, орташа айлық жалақы 471 300 теңгеге дейін өскен. Бұл орташа республикалық көрсеткіштен 1,3 есе жоғары. Осы орайда әкім жыл қорытындысы бойынша негізгі көрсеткіштер бойынша оң динамика күтетінін айтты.

Еске сала кетсек, осыған дейін Үкіметте өткен жиында премьер-миистр Әлихан Берік Әбдіғалиұлының жұмысына көңілі толмайтынын жеткізді. Үкімет басшысы инвестициялар тарту жұмыстары баяу жүріп жатқанын сынаған болатын.

«Бұл мәселе осыдан 2-3 жыл бұрын белгілі болды. Берік Әбдіғалиұлы, бұл басқа мемлекеттік органдардың құзыретіне жатса да, сіздің тарапыңыздан тиісті үйлестіру жұмыстары жүргізілуі керек еді. Инвестициялық штабтың әрбір отырысында инвестициялар тарту жұмыстарын күшейту туралы айтып келеміз. Алайда жұмыс қарқыны өте баяу. Жоспарланған жобаларды іске асыру бойынша нақты нәтиже жоқ. Сіздің тарапыңыздан белсенді іс-қимыл көрінбейді. Жұмысқа деген көзқарасыңызды дұрыстаңыз, адамдармен нақты проблемаларды шешіңіз, ұйымдастырыңыз», – деді премьер-министр.