Жаңалықтар

Қазақстанда бір жылда 175 адам жұмыс орнында қайтыс болған

Биыл 175 адам жұмыс орнында қайтыс болған

2023 жылы Қазақстанда 175 адам жұмыс орнында қайтыс болған. Бұл былтырғы көрсеткіштен 12% көп. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау комитетінің төрағасы Төлеген Оспанқұлов айтты.

«Биыл жұмыс орнында 175 адам қайтыс болды, былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 12% көп. Ал жұмыс орнында зардап шеккендер саны – 1119, былтырғымен бірдей деуге болады», – деді комитет төрағасы.

Кәсіпорындардағы төтенше жағдай көбіне Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қостанай, Абай облыстары мен Алматы қаласында болады. 

Брифинг барысында Оспанқұлов кәсіпорын жұмысшыларының еңбек қауіпсіздігін толық сақтамайтынын айтты.

«Мемлекеттік бақылау нәтижесі 20% еңбек қауіпсіздігі мәселесіне қатысты болып отыр. Яғни проблема –жұмысшының еңбек қауіпсіздігі қамтамасыз етілмеуі. Кәсіпорындарда болған әрбір қайғылы жағдайды арнайы мемлекеттік комиссия зерделейді», – деді ол.

Комитет төрағасы биыл 17 тамызда Қарағанды облысындағы АрселорМиттал компаниясының шахтасында жарылыс болып, салдарынан 5 жұмысшы қайтыс болғаннан кейін тексеру жүргізілгеніне тоқталды. Үкіметтік комиссия қайғылы оқиғаға 100% жұмыс беруші кінәлі деп тапқан. Алайда ол комиссияның талаптары толық орындалмауынан 28 қазанда Костенко шахтасында 46 қызметкер қайтыс болғанын атап өтті.

Еске салайық, 28 қазанда түнгі сағат 2-ден 36 минут кеткенде «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Көмір департаментінің Костенко атындағы шахтасында тереңдігі 700 метрде өрт шығып, кейіннен метан-ауа қоспасы жарылды. 

Авария кезінде ауысымда 252 кенші болды, оның 201-і өздігінен көтеріліп, 5-і тау-кен құтқару күштерімен табылып, 46 азамат опат болды.