Жаңалықтар

Қосылған құн салығын 16%-ға көтерсе, инфляция жоспарланған дәлізден аспайды – ҰЭМ

ҰЭМ қосылған құн салығын 16%-ға көтермекші / Фото: kursiv.media

Қосылған құн салығын 16%-ға дейін көтеру инфляцияның жоспарланған дәлізден ауытқуына әкелмейді. Бұл жайлы Қарағандыда өткен дөңгелек үстел барысында ҚР ҰЭМ вице-министрі Азамат Әмрин айтты.

Жиында жаңа Салық кодексі жобасы, оның ішінде ҚҚС мөлшерлемесін 12%-дан 16%-ға дейін көтеру мәселесі талқыланды. Азамат Әмрин қосымша құн салығының артуы көлеңкелі экономиканың деңгейінің өсуіне алып келмейтінін айтты.

«2006 жылы ҚҚС мөлшерлемесі 15% болған кезде ЖІӨ–ге шаққанда көлеңкелі экономиканың деңгейі 19,8%, ал сауда саласындағы көлеңкелі экономиканың мөлшері ЖІӨ-ге шаққанда 2,7%-ды құрады. Кейінгі жылдары ҚҚС мөлшерлемесі кезең-кезеңімен 12%-ға дейін төмендеді. Алайда саудадағы көлеңкелі экономика көлемі жыл сайын артып, 2016 жылы ЖІӨ-де 9,2%-ға жетті. 2022 жылы ҚҚС мөлшерлемесі 12% болған кезде сауда саласындағы көлеңкелі экономика көлемі ЖІӨ-ге шаққанда 3,1%-ды құрады», деді вице-министр.

️Ол сонымен бірге ҚҚС ставкасының жоғарылауы инфляцияға да айтарлықтай әсер етпейтінін, инфляциялық қысымның бір сәттік болатынын айтты.

«ҚҚС мөлшерлемесін 16%-ға дейін көтеру инфляцияның жоспарланған дәлізден ауытқуына әкелмейді. Бұл инфляция деңгейіне 1 пайыздық тармақ шегінде әсер еткенімен, ауылшаруашылық тауарларына өз әсерін тигізбейді. Өйткені отандық ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер жеңілдетілген салық режимдерін пайдаланады. Қазақстан импортының құрылымында 2022 жылы азық-түлік тауарларының үлесі 9,4%-ды құрағанын ескерсек, импорттық тауарлар бойынша ҚҚС мөлшерлемесінің өсуі инфляция деңгейіне айтарлықтай үлес қоспайды, – дейді Әмрин.

Вице-министрдің айтуынша, ҚҚС мөлшерлемесін көтеру – әлеуметтік міндеттемелерді қаржыландыру үшін бюджет мүмкіндігін нығайту үшін және отандық тауарлардың бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге оң әсер етеді. Ол импорттық тауарларға жүктемені арттыру – салықтық жеңілдіктер мен субсидияларды пайдаланатын отандық тауар өндірушілерге импорттық тауарларды алмастыру үшін өз өндірісін ұлғайтуға мүмкіндік беретінін айтады.

Осыған дейін Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров та, ҚҚС өсіру барысында инфляцияға айтарлықтай қысым болмайтынын айтқан. Оның айтуынша, қосымша құн салығы көтерілсе, салық төлеушілердің 5,5%-на ғана тікелей әсер етеді.

Министр 17 қазанда Сенатта өткен Үкімет сағатында жалпы жаңа салық кодексінің тәуекелдері бар екенін, соның бірі инфляциялық қысым екенін атап өткен болатын.

«Бірнеше тәуекел бар. Бірақ ол тәуекелдер төмен. Соның бірі – инфляциялық қысым. Біздің есептеуіміз бойынша, тек бір жылда 1%-дық тармаққа дейін инфляция қысымы болады«, – деді министр.

Сонымен бірге Қуантыров сән-салтанат салығы туралы да сөз қозғап, оның негізінен импорттық қымбат мүлікке салынатынын айтқан болатын.