«АрселорМиттал Теміртау» АҚ акционерін ауыстыруға қатысты қандай шешім қабылданды/ primeminister.kz
«АрселорМиттал Теміртау» АҚ акционерін ауыстыруға қатысты қандай шешім қабылданды? Бұл сұраққа Мәжілістің кулуарында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев жауап берді.
«Өздеріңіз білетіндей, Үкіметте осы мәселені талқылауға бір жарым, екі апта бұрын 2 сағат уақыт арнадық. Әзірге менде жаңа ақпарат жоқ, пайда болған кезде міндетті түрде алдарыңызға шығамыз, барлығын айтамыз», – деді Қанат Шарлапаев
Өнеркәсіп және құрылыс министрінің мәлімдеуінше, Үкіметке инвесторды өзгерту үдерісіне назар аударуға және осы істі аяқтауға мүмкіндік беру қажет.
9 қарашада өткен Сенат отырысында Қанат Шарлапаев «АрселорМиттал Теміртау» АҚ жаңа инвесторларына билік тарапынан қандай шарттар қойылатынын айтқан болатын.
Депутат Серік Шайдаров министр Қанат Шарлапаевтан: «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына қандай шарттар қолданылады? Жалпы келіссөздер қалай жүріп жатыр? «АрселорМиттал Теміртаудың» осы уақытқа дейін банктер мен үшінші тұлғалар алдында қандай қарызы бар? Жаңа инвесторларға қандай талап қойылады?» – деп сұраған.
Қанат Шарлапаев: «Қазіргі таңда біз «АрселлорМитал Теміртау» акционерлерімен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Біз акционерлердің Қазақстанна шығуын жылдам жүзеге асырамыз деп келістік. Оны осы айдың аяғына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Алайда халықаралық ережелерге сәйкес, бұл келісім ресми рәсімделіп, аяқталғанға дейін оның шарттары туралы айта алмаймын. Өйткені «АрселорМиттал Теміртау» акционерлері әлемге танымал компания. Келісім шарттарын біз ресми қол қойылып болған соң ғана аша аламыз. Әзірге біз Арселор Миттал қойып отырған құпиялылықты сақтау туралы шарттарды сақтауымыз керек. Арселор Миттал Қазақстаннан кетеді. Біздің ендігі міндетіміз бұл кәсіпорынның ұзақмерзімді әрі табысты жұмыс істеуін қамтамасыз ету», – деп жауап берген.
31 қазанда Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев Қазақстан «АрселорМиттал Теміртау» компаниясын басқару үшін шетелдік инвестор тартпайтынын және кәсіпорынды мемлекет меншігіне қайтару барысында бюджеттен ақша алынбайтынын айтқан.
Қанат Шарлапаев «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы қарашаның соңына қарай толық мемлекет меншігіне өтуге тиіс екенін нақтылаған.
28 қазанда ArcelorMittal Temirtau жақында компанияның меншік құқығы Қазақстанға берілетінін растаған.
Үкімет басшысы Әлихан Смайылов осыған дейін 3 млрд долларсыз кәсіпорынның жұмысын жүргізу қиынға соғатынын айтқан.
«Бізге жеке инвестор тарту қажет. Ол 3 млрд доллар инвестиция құюы керек. 1,3 млрд доллар дереу салынуға тиіс. Жағдай шұғыл шешімді талап етеді. Алдағы 3 жылға кем дегенде 3 млрд доллар қаржы қажет. Мұндай инвестициясыз кәсіпорынды қалыпты жағдайда дамыта алмаймыз. Отандық инвестор болады деп жоспарлап отырмыз», – деген премьер-министр.
Үкімет басшысы АрселорМиттал Теміртауды 500 млрд долларға сатып алу туралы ақпаратты жоққа шығарған.