Фото: shutterstock.com
Еуропалық Одақтың санкциялар жөніндегі халықаралық арнайы өкілі Дэвид О’Салливан сейсенбі күні Қазақстанға ресми сапармен келеді, деп хабарлады Еуроодақтың Қазақстандағы өкілдігінің баспасөз қызметі.
«2023 жылдың 28 қарашасында Еуропалық Одақтың санкциялар жөніндегі халықаралық арнайы өкілі Дэвид О’Салливан мырза Қазақстанға ресми сапармен келеді. Сапар барысында Қазақстанның бірқатар ресми тұлғаларымен кездесу жоспарланған», – делінген дүйсенбіде жарияланған баспасөз хабарламасында.
Сапар қорытындысы бойынша арнайы өкіл БАҚ өкілдері үшін баспасөз мәслихатын өткізуді жоспарлап отыр.
Еурокомиссия Еуропалық Одақтың санкциялар жөніндегі халықаралық арнайы өкілі лауазымын «Ресейге Украинаға қарсы соғыс басталғаннан бері қолданылған бұрын-соңды болмаған шектеу шараларынан жалтармау немесе айналып өтпеу үшін үшінші елдермен жоғары деңгейдегі талқылауларды қамтамасыз ету» үшін құрды.
Комиссияның бұрынғы Бас хатшысы және ЕО-ның аға дипломаты Дэвид О’Салливан 2022 жылдың қаңтарынан бастап ЕО санкциялар жөніндегі арнайы өкілі болып тағайындалды.
Дэвид О’Салливан Қазақстаннан кейін Өзбекстанға барады. Бұл оның қызметіне кіріскеннен бері Орталық Азия елдеріне жасаған үшінші сапары.
Еуропалық Одақтың санкциялар жөніндегі халықаралық арнайы өкілі наурызда Қырғызстанда, сәуірде Қазақстан мен Өзбекстанда болды. Сол кезде аталған елдер санкцияға ұшыраудан, салдарынан әлемдік нарықтан шығып қалудан қауіптенді.
Қазақстанға алғаш келгенде О’Салливан «Астана Мәскеуге қатысты шектеулерді сақтамады» деген сыңайда пікір білдірді. Ол Еуростат аймақтағы жоғары технологиялық сегментте қымбат тауарларды тұтынудың рекордтық өсімін тіркегенін алға тартты.
Реті келгенде айта кетейік, 28 қыркүйек күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Германия Федеративтік Республикасына ресми сапары кезінде Қазақстанның санкция шарттарын қатаң сақтайтынын айтты.
Мемлекет басшысы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сұрақтарына жауап бергенде:
«Қазақстан мен Ресей екіжақты деңгейде және тиісті интеграциялық бірлестіктер аясында тұрақты достық қарым-қатынас орнатқан. Санкцияны айналып өту мәселесіне келер болсақ, Қазақстан санкция режимін мүлтіксіз сақтайтынын мәлімдеді. Біз санкия режимін сақтау жөнінде тиісті ұйымдармен ұдайы байланыстамыз. Германия тарапының санкция режимін айналып өту ықтималдығына қатысты ешқандай күмәні болмауға тиіс деп ойлаймын», – деді.
Ал 29 қыркүйекте Еуропалық комиссия сарапшылары Ресейге қарсы санкциялардың қатаң сақталуын қамтамасыз ету үшін бірқатар елдерге ескерту жасап, тиісті шараларға мән беруге шақырды. Сынға ұшыраған мемлекеттердің арасында Қазақстан да болды.
Бұған дейін Астана бейтараптық пен көпвекторлық саясат аясында Батыстың шектеулеріне бағынатынын бірнеше рет атап өткен. Осы уақытқа дейін Қазақстан тарапынан өрескел заң бұзушылық та анықталған емес.
Тіпті 24 мамырда Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев: «Қазақстан Ресейге дрон мен чип жеткізіп отырған жоқ», – деп ресми мәлімдеме жасады.
Бұған БАҚ бетінде жарияланған «Қазақстаннан Ресейге дрондар мен чиптер тасымалданғаны» туралы ақпарат негіз болды.
19 қазанда Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев Сенат кулуарында Қазақстан Ресейге 106 тауар экспортын шектегенін мәлімдеді. Олардың арасында дрон мен чиптер де болған.
«Жалпы, біз барлық тауарды экспортқа шығарып жатырмыз. Тек Ресейге соғысқа қатысты экспорттық тауарларды шектедік. Бұл тізімге 106 түрлі тауар енді. Біз осы бойынша экспортқа мүлдем тыйым салдық», – деді Қайрат Төребаев.
20 қазанда Сауда және интеграция министрлігі вице-министр Қайрат Төребаевтің мәлімдемесіне түсініктеме беріп, экспорттық бақылау мен экспорттық шектеу ұғымдарын шатастырмау қажет екенін жариялады.
Қазақстан билігі көпвекторлы көзқарас пен ЕО және АҚШ-пен ынтымақтастықты нығайту мақсатында Ресей Федерациясымен шекарадағы арнайы бақылауға жататын тауарлар мен жүктерді кедендік бақылау мен тексеруді күшейту бойынша бірқатар шешім қабылдады.
Дэвид О’Салливанға Ресей Федерациясымен көпвекторлық жолындағы өмірлік маңызды ынтымақтастыққа қарамастан, Батыс талабын орындап отырған Қазақстаннан санкцияларға қатысты орындалған жұмыс туралы жауап және осы бағытты жалғастыру ниеті туралы кепілдік қажет болуы мүмкін.
Орталық Азия елдерімен әріптестік жалғасып жатқан кезде Ресей Федерациясына қарсы санкциялардың нәтиже бермеуі Батыстың шымбайына бататын секілді. Оларды Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путиннің жеке кездесулері мен түрлі бағыттағы уағдаластығы алаңдататын сыңайлы.
Өз кезегінде Ресей достық пен өзара сыйластық қағидасын басшылыққа ала отырып, Астананың көп векторлылығына түсіністік танытады. «Қазақстан егеменді мемлекет, кіммен қарым-қатынасын нығайтуды өзі шешуге құқылы» дегенді алға тартады солтүстіктегі көршіміз.
«Арнайы өкіл Еуропалық Одақтың Ресейге қарсы санкцияларына қатысты Қазақстан мен Өзбекстан билігімен сындарлы диалогты жалғастырады», – деп хабарлады ЕО-ның еліміздегі дипломатиялық өкілдігінің баспасөз қызметі.
Дэвид О’Салливан Ресей президенті Владимир Путиннің Астанаға сапарының қорытындыларын талқылауға мүдделі болуы мүмкін. Бұған дейін Астанадағы кездесуде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясының басшысын Ресейдің басқа елдермен саудасын шектеуге қарсы екеніне сендірді. Ол әлемдік нарыққа ресейлік азық-түлікті, тұқым мен тыңайтқыштарды жеткізудегі кез келген кедергілерді жоюды ұсынды.
Саясаттанушы Марат Шибұтовтың пікірінше, Қазақстан өз экономикасына қауіп төндірмеу үшін санкциялық режимді сақтауы тиіс.