Жаңалықтар

Алимент төлемей жүргендердің қарызы 22 млрд теңгеге жеткен

алименты
Алимент төлемей қашып жүрген әкелерді қалай анықтайды? Фото: shutterstock


Қазақстандықтар балаларына алимент түрінде 22 миллиард теңге қарыз. Прокуратура борышкерлердің есепке алынбаған кіріс көздерін анықтаудың жаңа тәсілін әзірлеуде. Бұл туралы қадағалау органының баспасөз қызметі хабарлады.

«Қазіргі уақытта қазақстандықтардың өндірілмеген қарыз көлемі 22 млрд теңгені құрап отыр», – делінген хабарламада.

Прокуратураның дерегінше, алименттің төленбеуіне борышкерлердің жұмыссыздығы мен тұрақты табысының жоқтығы себеп болып отыр.

Мәселе бос орындар жәрмеңкесін өткізу арқылы шешіліп жатыр. Белгілі болғандай, соңғы 2 жылда 200-ге жуық бос орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылған.

«Жұмыспен қамту орталықтарына 20 мың жұмыссыз борышкер тіркелді, оның 9,5 мыңы жұмысқа орналастырылды», – делінген хабарламада.

Соңғы екі жылда борышкерлерден 140 мың баланың 23 млрд теңге алименті өндіріп алынды. Бұған қоса алимент төлеу міндетін орындамаған азаматтардың 322 мүлкі төленбеген қарыз үшін өндіріп алушыларға берілді.

Бас прокуратураның мәлімдеуінше, алимент төлеуден жалтарған 6 мың борышкер әкімшілік және қылмыстық жауапқа тартылды.

Бас прокуратура алимент төлеуден жалтарып жүргендердің есепке алынбаған және жаңа кіріс көздерін анықтау әдісін әзірледі. Алдағы уақытта алимент төлемегендердің мобильді қосымшалары, ставкалары мен электронды әмияндары тексеріледі.

«Бұл такси қызметіндегі мобильді қосымшалар арқылы жұмыс (Yandex, inDriver, DiDi, Uber), букмекерлік кеңселердегі ставкалар, электронды әмияндар және тағы басқалары», – делінген хабарламада.

Сот орындаушылары борышкерлердің осындай табыстары туралы мәліметтерді прокурордың санкциясы арқылы алады.

«Мысалы, прокурорлар Қарағанды облысында алимент төлемей жүрген 86 борышкердің ақшаны электронды әмиянға жасырғанын әшкереледі», – дейді прокурорлар.

Қазан айында Қазақстанда алимент төлемеген 1 618 азаматқа іздеу жарияланғаны туралы ақпарат тарады. Олардың 1476-сы – ер, 142-сі –әйел адам болды. Алимент төлеуден жалтаратын азаматтардың көшін елорда (361 адамға алимент төлемегені үшін іздеу жарияланған) тұрғындары бастады. Алматы екінші орынға орналасты. (191), Ақтөбе облысы үшінші орыннан (143) көрінді.

23 маусымда Әділет министрі мүлкін жасырып, балаларын асыраудан әдейі жалтаратын борышкерлер бар екенін мәлімдеді.

«Алимент өндіріп алу бір реттік атқарушылық іс жүргізу емес екенін атап өткен жөн. Ол, бала кәмелет жасына толғанға дейін бірнеше жылға созылады. Орындаудағы істердің 16 345-і, яғни 5% проблемалы істер. Талдау көрсеткендей, алимент төлемеудің негізгі себебі – борышкерлердің ресми жұмыс орны, кірістері және өндіріп алуға болатын мүліктері жоқ», – деді Әділет министрі Азамат Есқараев.

Айта кетейік, борышкерге алиментті шекара бекетінде орналасқан терминалдар арқылы онлайн өтеуге де рұқсат берілген. Қарыз төлегеннен кейін 20-30 минуттан соң шекарадан шығуға салынған тыйым автоматты түрде жойылады.

Қазақстан азаматы борышкер ме, іздестіріліп жатыр ма деген сұрақтың жауабын Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің qamqor.gov.kz порталынан («Алимент бойынша борышкерлерді іздеу» бөлімі – тұлғаның Т.А.Ә.) білуге болады.